«Сау тамтығы жоқ»: Аягөздегі офицер қазасына қатысты тың дерек белгілі болды

30.01.2026 15:15 Мөлдір Талғат Мөлдір Талғат
«Сау тамтығы жоқ»: Аягөздегі офицер қазасына қатысты тың дерек белгілі болды
132
Фото: ашық дереккөз

Аягөз қаласындағы әскери бөлімде қаза тапқан капитан Бақытжан Әріпжановтың туыстары офицердің өліміне қатысты ресми нұсқамен келіспейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.

Ресми ақпаратқа сәйкес, әскери қызметші кезекшілік кезінде табельдік қаруымен өзіне-өзі қол жұмсаған. Алайда марқұмның жақындары бұл оқиғаны суицид емес, кісі өлтіру деп есептейді.

Бақытжан Әріпжанов әскери салада 10 жылдан астам уақыт қызмет атқарған тәжірибелі офицер болған. Қайғылы оқиғаға дейін ол Шымкент қаласына ауысу туралы бұйрықты күтіп, болашағына қатысты нақты жоспарлар құрған.

Марқұмның жұбайы Жанар Қалаубаеваның айтуынша, ол күйеуімен сол күні соңғы рет сөйлескен.

«Бәрі жақсы екенін айтты. Нарядқа түсіп, кейін хабарласатынын жеткізді. Ертеңіне Шымкентке ауысу туралы бұйрыққа қол қойылады деп күтіп жүрген. Үш күннен кейін үйге қайтамын деп уәде берген», – дейді ол.

Капитанның әкесі Құлыбек Әріпжанов тергеу барысында өрескел заңбұзушылықтар болғанын алға тартады. Оның сөзінше, оқиға орнында толыққанды сараптама жүргізілмеген, оқ пен гильза, сондай-ақ марқұмның үстіндегі киімдер жоғалып кеткен. Сонымен қатар сол күні әскери бөлімдегі бейнебақылау камералары істемей қалған.

«Әскери қызметшілер атыс дайындығынан үнемі өтеді, қару міндетті түрде сақтандырғышта тұрады. Ал табылған тапанша сол күйінде сақтандырғышта болған. Біреу оқ атып, кейін қаруды қайта қауіпсіздікке қойғандай әсер қалдырады», – дейді ол.

Марқұмның туыстары капитанның денесіндегі жарақаттар да ресми нұсқамен сәйкес келмейтінін айтады.

«Көзі көгерген, денесінде сау жер жоқ. Қолының терісі жыртылған, арқасы ісініп кеткен. Бұл – соққының белгілері», – дейді жақындары.

Бес баласы жетім қалған офицердің отбасы бірнеше жылдан бері әділдік іздеп, Бақытжан Әріпжановтың өліміне қайта тергеу жүргізуді талап етіп келеді.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий