Сәулетші: Барлық автотұрақты ақылы етіп, бағасын өсіру керек

03.08.2026 21:42 Томирис САҒЫНДЫҚ
Сәулетші: Барлық автотұрақты ақылы етіп, бағасын өсіру керек
65
Фото: ЖИ көмегімен жасалды

Менің ойымша, қаладағы автотұрақтардың бәрін ақылы етіп, оларды мемлекет меншігіне беру керек. Оған қоса, тұрақ бағасын да едәуір қымбаттатқан жөн, деп мәлімдеді этно-дизайнер, сәулетші Елзат Мұқаш. Оның айтуынша, бұл кептелісті тыюға көмектеседі, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы ол «Адырна» ұлттық порталына берген сұқбатында айтты.

«Қала орталығындағы негізгі мәселелер мен үлкен қателіктер инфрақұрылымның дұрыс жоспарланбауынан туындап отыр. Тасжолы тар әрі тығыз орналасқан көшелердің бойына биік-биік тұрғын үйлерді тұрғызған кезде, үлкен кептелістер пайда болады. Жалпы, 20 қабатты тұрғын үй салынса, оның астында кемінде екі қабатты жерасты көлік тұрағы қарастырылуы тиіс еді», — деді Елзат Мұқаш.

Ары қарай ол тұрақтардың барлығын ақылы етудің пайдасына тоқталды. Айтуынша, бұл кептелісті азайтады. 

«Менің ойымша, қаладағы автотұрақтардың бәрін ақылы етіп, оларды мемлекет меншігіне беру керек. Оған қоса, тұрақ бағасын да едәуір қымбаттатқан жөн. Бұл — дамыған Батыс елдері мен Еуропаның сыналған озық тәжірибесі. Ал бізде, мысалы, Алматыда тұрғындар жүрмейтін немесе бұзылған ескі көліктерін жолдың шетіне қалдыра салады. Ешқандай шектеу болмағандықтан, ол көліктер айлап, тіпті жылдап босқа тұра береді. Әркім өз автокөлігін қалаған жеріне қалдыра берсе, ретсіздік пен кептеліс ешқашан тыйылмайды», — деді сәулетші.

Сондай-ақ, ол бұл тәжірибенің жүргізушілерді қоғамдық көлікке мінгізуге мәжбүрлейтінін айтты. 

«Керісінше, көлік тұрақтары мен бензин бағасын қымбаттатып, ал қоғамдық көлік инфрақұрылымын барынша ыңғайлы әрі жылдам етіп дамытса, халықтың өзі-ақ таңдау жасайды. Тұрғындар: «Жеке көлік ұстау шығыны көп, ал қоғамдық көлікпен қажетті жеріңе жылдам әрі арзан жетесің. Дәл қазір маған жеке көліктің мүлде керегі жоқ екен», — деген байламға келеді. Осындай жүйелі түсінікке қол жеткізсек, бұл қала үшін өте тиімді шешім болар еді. Себебі біздің қалаларымыз күн санап тар болып, көлік ағынына шыдай алмай бара жатыр», — деді Елзат Мұқаш.

Войдите, чтобы оставить комментарий