Саясаттанушы: Триллиондаған қаржыны шығындап отырған 140 депутаттың не керегі бар?

03.07.2026 18:01 Қарақат АСЫЛОВА
Саясаттанушы: Триллиондаған қаржыны шығындап отырған 140 депутаттың не керегі бар?
80
Фото: Politico.kz/Абзал Бахытжанов

Саясаттанушы Жанұзақ Әкім «Адырна» ұлттық порталына берген сұқбатында еліміздегі парламенттік жүйе мен депутаттар корпусының қызметіне қатысты маңызды мәселелерді көтерді, деп хабарлайды Politico.kz.

«Сенат заңдардың сапасын қадағалап, олардың дұрыс-бұрыстығын тексеріп, кем-кетігі болса ескертіп отыратын. Ал бір палаталы парламент жүйесіне көшсек, Құрылтай дайындаған заң жобаларын қазір кім тексереді?» — деп сұрады журналист.

Сарапшы заң шығарушы органдағы депутаттар санының шамадан тыс көптігін сынға алып, мұның тиімсіздігін атап өтті. Сонымен қатар, саясаттанушы Сенат палатасын таратудың қажеттілігі мен оның негізгі себептерін егжей-тегжейлі түсіндіріп берді.

«Оны ешкім тексермейді. Негізі, бұрын да ешкім тексерген жоқ. Иә, ол тек формальды түрде ғана болды. Мысалы, Сенатты тарату керек деп айқайлап келе жатқанымызға 20 жылдай уақыт болғанын өзім жақсы білемін. Қазақстан сияқты 20 миллион халқы бар елге 140-қа жуық депутаттың не керегі бар? 100 депутат та жеткілікті емес пе? Ойлап қараңызшы, олар триллиондаған қаржыны шығындап отыр. Депутаттардың тым көп болуы істің бәрін бюрократияға айналдыруда», — деді Жанұзақ Әкім.

Ары қарай сарапшы саяси ұйымдардың бағдарламаларына тоқталып, алдағы уақытта партиялар басымдық беруі тиіс негізгі стратегиялық бағыттарды айқындап берді.

«Керісінше, жаңадан құрылып жатқан партиялар алдағы 2026, 2035 және 2040 жылдарға дейінгі стратегиялық мақсаттарға негізделуі тиіс. Олардың басты бағыты қандай болуы керек? Бірінші — экономиканы жүйелеу, содан кейін Конституцияға енгізілгендей адам капиталын дамыту, сосын интеллектуалды әрі зерделі ұлт қалыптастыру емес пе? Партиялар, негізінен, осы мәселелерге бағытталуы қажет», — деді саясаттанушы.

Сонымен қатар, Жанұзақ Әкім қазіргі таңда саяси аренаға шығып жатқан жаңа партиялардың белсенділігі мен бағдарламаларына көңілі толмайтынын жасырмады.

«Ал қазіргі жағдайға қарасақ, құрылып жатқан «Әділет» те, басқа партиялар да асығыс-үсігіс, үстірт ұйымдастырылып жатыр. Иә, тартыстар болды. Ал «Аманат» партиясының саяси сахнадан кетуіне келсек, кезінде Ерлан Саиров: «Оның артында Назарбаевтың «құлағы» көрініп тұр», — деп дөп басып айтқан болатын. Егер ескі жүйеден толық арылу керек болса, оны 2023 жылы-ақ кетіру қажет еді», — деді ол.

Войдите, чтобы оставить комментарий