Мамырдан бері жалақы алмаған: Маңғыстауда мұғалімдер әкімдік алдына жиналды

Мамырдан бері жалақы алмаған: Маңғыстауда мұғалімдер әкімдік алдына жиналды
Әлеуметтік желі

Ақтаудағы жекеменшік мектептердің ондаған мұғалімі бірнеше айдан бері жалақыларын ала алмай, Маңғыстау облысы әкімдігінің алдына жиналды, деп хабарлайды Politico.kz.

Педагогтердің айтуынша, кейбірі мамыр айынан бері еңбекақысын көрмеген, ал жас мамандар қыркүйектен бастап ақысыз жұмыс істеуге мәжбүр болған.

Мұғалімдер жалақының уақытылы төленбеуіне байланысты жауапты органдардан мәселені шешуді талап етті. Олардың сөзінше, бірнеше ай бойы еңбекақысын ала алмау күнделікті тұрмысқа да кері әсерін тигізіп отыр.

Педагогтердің наразылығы әлеуметтік желіде де талқыланды. Threads платформасында жарияланған жазбаларда мұғалімдер жалақының қайырымдылық емес, атқарған жұмысы үшін төленуге тиіс заңды ақы екенін атап өткен. Олар өздеріне тиесілі қаражатты уақытында беруді сұрайды.

Ал облыстық білім басқармасы жекеменшік мектептер мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында қажетті қаржыландырумен толық қамтамасыз етілгенін мәлімдеді. Ведомствоның мәліметінше, мектептер ұсынған кезекті кезеңге қатысты актілер қабылданып, тексеруден өткен.

Басқарма қаражат белгіленген тәртіпке сәйкес жақын арада толық көлемде аударылатынын хабарлады. Алайда мұғалімдер мен мектептердің есепшотына ақшаның нақты қай күні түсетіні әзірге белгісіз.

Айта кетейік, Маңғыстау облысында 54 жекеменшік мектеп жұмыс істейді. Бұл білім беру ұйымдарында 18 мыңнан астам оқушы білім алып, 1 581 педагог еңбек етеді. Мектептер мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша қаржыландырылады.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу