Сайрамда пара алған екі шенеунікке 200 миллионнан астам теңге айыппұл салынды

09.10.2026 • 11:34 Қарақат АСЫЛОВА
Сайрамда пара алған екі шенеунікке 200 миллионнан астам теңге айыппұл салынды
302
Фото: Depositphotos.com

Түркістан облысының Сайрам ауданында әкім орынбасары мен жер қатынастары бөлімінің басшысы пара алғаны үшін сотталды. Екеуі де мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айырылды, деп хабарлайды Politico.kz.

Түркістан қаласының ауданаралық соты Сайрам ауданы әкімінің орынбасары Шухратулла Убайдуллаев пен жер қатынастары бөлімінің басшысы Амангелді Жүнісбековтің ісін қарады.

Оларға алдын ала сөз байласып, адамдар тобымен пара алу және пара беруге оқталу бойынша айып тағылған.

Сот Шухратулла Убайдуллаевты 650 мың теңге пара алғаны үшін кінәлі деп таныды. Оған 22 миллион 750 мың теңге айыппұл салынды.

Бұдан бөлек, 3 миллион теңге пара беруге оқталғаны үшін тағы 56 миллион 250 мың теңге айыппұл тағайындалды.

Ал Амангелді Жүнісбеков 2 миллион 131 мың 550 теңге пара алғаны үшін сотталды. Оған 74 миллион 604 мың 250 теңге айыппұл салынды.

Ол да 3 миллион теңге пара беруге оқталғаны үшін қосымша 56 миллион 250 мың теңге айыппұл төлеуге міндеттелді.

Қос шенеунік мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан өмір бойына айырылды.

Қылмыстық іс сотқа келісімдік іс жүргізу тәртібімен түскен. Сотталушылар прокуратурамен кінәні мойындау туралы процестік келісім жасаған.

Сот олардың шын жүректен өкінгенін және жас балалары барын жазаны жеңілдететін мән-жай деп таныды. Ал кәсіби антын бұзып, қылмыс жасауы жазаны ауырлататын жағдай ретінде ескерілді.

Сот үкімі заңды күшіне енді.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу
Войдите, чтобы оставить комментарий