“Шағым көбейіп кетті”: Қазақстандағы наркологиялық орталықтар жаппай тексеріледі

24.05.2026 10:59 Қарақат АСЫЛОВА
“Шағым көбейіп кетті”: Қазақстандағы наркологиялық орталықтар жаппай тексеріледі
233
Заңбұзушылық анықталса, іс құқық қорғау органдарына жіберіледі

Қазақстанда наркологиялық орталықтарға жаппай тексеріс жүргізіледі, деп хабарлайды Politico.kz.

Денсаулық сақтау министрлігі елдегі наркологиялық орталықтардың жұмысына кешенді тексеру бастайтынын мәлімдеді. Бұған азаматтардан түскен шағымдар мен жүргізушілерді медициналық куәландыру кезінде анықталған заңбұзушылықтар себеп болған.

Ведомство басшысы Ақмарал Әлназарова арнайы кеңес өткізіп, кейбір наркологиялық орталықтарда алкогольдік масаң күйді анықтау рәсімдерінің талапқа сай жүргізілмей жатқанын талқылады.

Министр Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіне өңірлердегі барлық наркологиялық орталықтарды тексеруді тапсырды. Тексеру барысында қолданыстағы стандарттар мен медициналық куәландыру тәртібінің сақталуы назарға алынады.

Егер заңбұзушылықтар анықталса, материалдар құқық қорғау органдарына жолданады.

Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрлігі медициналық куәландыру рәсімдерін реттейтін бұйрыққа өзгерістер енгізуді жоспарлап отыр. Бұл азаматтардың құқығын қорғап, даулы жағдайлардың алдын алу үшін жасалмақ.

Войдите, чтобы оставить комментарий