"Шампур тығып алған": Алматы облысында Әлібидің өліміне күдікті жасөспірім сотталды
Алматы облысында мектеп бітіру кешінде қаза тапқан 11-сынып оқушысы Әлібидің ісі бойынша сот шешімі шықты, деп хабарлайды Politico.kz.
Жабық форматта өткен сот отырысында күдікті 10 жылға бас бостандығынан айырылды.
Қайғылы оқиға 2025 жылдың мамыр айында Долан ауылында болған. Түлектер мектеп бітіру кешін атап өту үшін коттедж жалдап, бас қосқан. Кеш барысында жасөспірімдер кәуап дайындап, кейбірі спирттік ішімдік ішкені айтылды.
Куәгерлердің сөзінше, жанжал кезінде 17 жастағы Әліби сыныптас қызға араша түспек болған. Сол сәтте ашуға булыққан қатарласы оның сол жақ кеуде тұсына шампур сұғып алған. Марқұм сол кезде алкоголь ішпегені айтылды.
Жасөспірім жедел жәрдем жеткенше көз жұмған. Туыстарының айтуынша, анасы түнде хабарласқанда, Әліби өзін жайсыз сезініп тұрғанын жеткізген.
Бұл жағдай қоғамда үлкен резонанс туғызды. Мектеп әкімшілігі кештің оқу орнынан тыс, мұғалімдердің рұқсатынсыз ұйымдастырылғанын мәлімдеді. Соған қарамастан, қайғылы оқиғадан кейін мектеп директоры қызметінен босатылып, директордың орынбасары мен екі сынып жетекшісіне қатаң сөгіс берілген.
Полиция күдіктіні анықтап, уақытша ұстау изоляторына қамаған. Сонымен қатар оның заңды өкілдері де бала тәрбиесіне салғырт қарағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты мәліметінше, сот айыпталушыны Қылмыстық кодекстің «Көрінеу кәмелетке толмаған адамды өлтіру» бабы бойынша кінәлі деп танып, 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған.
Кейін сотталушы тарап үкімге шағым түсіргенімен, Алматы облыстық соты бірінші инстанция шешімін өзгеріссіз қалдырды. Үкім 2026 жылдың 14 сәуірінде заңды күшіне енді.
Соңғы жаңалықтар