Шенеуніктердің орнын басатын «көрінбейтін үкімет»: Қазақстанда ЖИ енгізудегі негізгі кедергілер мен мәселелер

17.05.2026 10:15 Арман Ермеков
Шенеуніктердің орнын басатын «көрінбейтін үкімет»: Қазақстанда ЖИ енгізудегі негізгі кедергілер мен мәселелер
185
Фото: © Абзал Бахытжанов / Politico.kz

Қазақстанда жасанды интеллект мемлекеттік қызметті жеңілдетіп, көрінбейтін үкімет жүйесі іске қосылуға жақын қалды, деп хабарлайды Politico.kz.

Politico.kz тілшісі отандық маңдайалды сарапшылармен тілдесіп, бұл жаңашылдықтың халыққа тигізер пайдасы мен күдікті тұстарын егжей-тегжейлі сұрап білді.

AI бюрократияны азайтып, мемлекеттік қызметті жеделдетеді

ІТ маман, жасанды интеллект технологиялары бойынша сарапшы, «Жасанды интеллект әліппесі» кітабының авторы Мейіржан Әуелханұлының сөзінше, жасанды интеллект болашақта мемлекеттік шешім қабылдауға араласады, бірақ нақты шекараны анықтап алу керек. ЖИ қазір де шешім қабылдауға қатысып жатыр — тек біз оны байқамаймыз. Мысалы, салық тәуекелдерін бағалау, әлеуметтік төлемдерге кімнің құқығы бар екенін есептеу, кеден тәуекелдерін сараптау — мұның бәрінде алгоритмдер жұмыс істейді. Бұл — техникалық, қайталанатын, көп деректі талдауды қажет ететін шешімдер. Мұнда ЖИ адамнан жылдамырақ, әділірек жұмыс істейді, өйткені шаршамайды, көңіл-күйі болмайды, таныстық жасамайды.

Бірақ маңызды шешімдер — заң қабылдау, бюджет бөлу, сыртқы саясат, азаматты бостандығынан айыру — бұларды ЖИ-ге беруге болмайды. Себебі мұндай шешімдерде құндылықтар таңдауы бар, ал ЖИ-де құндылық жоқ. Ол тек деректегі үлгілерді көреді. Қандай қоғам құрғымыз келетінін ЖИ шеше алмайды — оны халық пен оның сайлаған өкілдері шешеді.

Менің ұсынысым — «ЖИ ұсынады, адам шешеді» қағидасы. ЖИ нұсқаларды дайындайды, олардың салдарын болжайды, бірақ түпкі шешім — әрқашан жауапты адамда. Әйтпесе «алгоритм солай шешті» деп жауапкершіліктен қашатын мәдениет қалыптасады, ал бұл өте қауіпті.

AI технологиялары Қазақстандағы мемлекеттік қызметтердің жұмысын түбегейлі өзгерте алады. Біріншіден — қызметтерді алу жылдамдығы. Қазір eGov арқылы көп нәрсе бірнеше минутта реттеледі — бұл әлемдегі үздік тәжірибе. ЖИ оны одан әрі ілгерілетеді: азамат сұранысын жазбай-ақ, дауыспен қазақша айтып, дайын құжатты алады. Бюрократиялық тілді түсіну қажеттігі жойылады.

Екіншіден — проактивті мемлекет. Қазір азамат өзіне қандай жәрдемақы тиесілі екенін, қандай құжатты жаңарту керектігін өзі іздейді. ЖИ-мен жабдықталған мемлекет керісінше жұмыс істейді: жүйе өзі «сізге мынадай көмек тиесілі, мынау құжатыңыздың мерзімі бітеді» деп хабарлайды. Бұл — әсіресе цифрлық сауаты төмен қарт адамдар үшін үлкен өзгеріс.

Үшіншіден — мемлекеттік қызметкердің жұмысы өзгереді. Қағаз толтыру, есеп жазу, типтік сұрауларға жауап беру — мұның бәрі автоматтанады. Қызметкер күрделі, бейстандарт жағдайларға, азаматпен тірі қарым-қатынасқа уақыт бөле алады. Қызметкерлер саны азаюы мүмкін, бірақ сапасы артуы тиіс.

Тек бір ескерту: технология жұмыс істеуі үшін негіз керек — деректер сапасы, жүйелер арасындағы интеграция. Қазақстанда министрліктер арасында әлі де «деректер аралдары» бар: бір ведомство екіншісінің ақпаратын ала алмайды. Бұл шешілмесе, ЖИ-дің мүмкіндігі шектеулі болады.

Жасанды интеллект бюрократия мен жемқорлықты азайта алады, бірақ бұл — автоматты түрде болатын нәрсе емес, әрі ЖИ жемқорлықтың түбіне жетпейді.

Қалай көмектеседі: жемқорлықтың көп бөлігі адамның қалауымен шешім қабылдауынан туады. Чиновник «бұл құжатты бүгін қарайын ба, ертең бе», «бұл тендерді кімге берейін» деген таңдау жасайды — осы тұста «майлау» қажет болады. ЖИ бұл таңдауды алып тастайды: алгоритм кезек бойынша, белгіленген критерийлермен жұмыс істейді. Қазақстанда мемлекеттік сатып алу мен салық саласында осы бағытта алға жылжу бар.

Сонымен қатар ЖИ үлгілерді көреді: бір компания тендерлерді жүйелі жеңіп жүр ме, бір чиновниктің шешімдері статистикалық тұрғыдан қалыптан тыс ауытқи ма — мұны дереу анықтайды. Адам сараптаушы ондаған мың транзакцияны қарап шыға алмайды, ал ЖИ шығады.

Бірақ қателесуге болмайды: ЖИ — құрал, ол өзі шешпейді. Егер жүйені баптайтын адам жемқор болса, ол алгоритмді өзіне қажетті жаққа бұра алады. «Кездейсоқ тексеру» деп аталатын алгоритм белгілі бір адамдарды шынында кездейсоқ тексере ме? Бұл — техникалық сұрақ емес, саяси сұрақ. Сондықтан ЖИ ашық болуы керек: алгоритмдер аудиттен өтуі, тәуелсіз сарапшылар тексере алатын болуы тиіс.

Тағы бір нәрсе: жемқорлықтың түбі мәдениеттен, әлсіз институттардан, жазадан құтылып кету мүмкіндігінен туады. Бұларды ЖИ түзей алмайды. Ол — пышақ сияқты құрал: дұрыс қолда — ем, бұрыс қолда — жара.

Қазақстан AI енгізу жағынан басқа елдермен салыстыратын болсақ, орташа топта, бірақ салмағынан жоғары соғып жатыр.

Алда тұрған елдер: АҚШ пен Қытай — модельдерді жасайтын елдер, олардың деңгейіне жету ондаған жыл уақыт пен триллион доллар инвестицияны талап етеді, бұл — басқа лига. Содан кейін Сингапур, БАӘ, Оңтүстік Корея, Эстония келеді — олар модель жасамайды, бірақ ЖИ-ді мемлекетке ендіруде үлгілі.

Қазақстанның жағдайы: цифрлық қызметтер бойынша көптеген дамыған елдерден алда. eGov-тың кейбір мүмкіндіктері Германияда, Францияда да жоқ. Бұл — мақтанатын жетістік. Бірақ ЖИ-ге келгенде, әлі бастапқы кезеңдеміз: стратегия бар, кейбір пилоттар бар, бірақ ауқымды енгізу әлі алда. 2026 жылдың мамырында ғана білім беруге ЖИ енгізу туралы жарлық шығуы — бір жағынан жақсы қадам, екінші жағынан, басқа елдер мұны бірнеше жыл бұрын бастаған.

Артта қалу қаупі негізінен үш салада: біріншіден, өз модельдерімізді жасау — қазақ тілінде, өз контексімізде. Бұл болмаса, шетел компанияларына тәуелді боламыз. Екіншіден, кадр: ЖИ инженерлерін, деректер ғалымдарын дайындау. Үшіншіден, есептеу қуаты — заманауи ЖИ-ге арнайы инфрақұрылым керек.

Артықшылықтарымыз да бар: халықтың технологияны қабылдау деңгейі жоғары, жастар саны көп, цифрлық негіз қаланған. Дұрыс басқарылса, Қазақстан кейбір елдерден секіріп өте алады — өйткені артта тұрған мемлекеттердің ескі жүйелерден арылу проблемасы бар, бізде ол жоқ.

Жасанды интеллект дамыған сайын адамдардың жеке деректері бүгінгі деңгейде толық қорғалмайды.

Себебі ЖИ-дің табиғаты деректерге қанық. Қанша көп дерек болса, модель сонша «ақылды». Сондықтан компаниялар мен мемлекеттер дерек жинауға мүдделі — медициналық, қаржылық, мінез-құлық, биометриялық. Қазақстанда соңғы жылдары ірі ағып кету оқиғалары болды, бұл — жүйенің әлі осал екенін көрсетеді.

Бірақ қауіп бұл ғана емес. Бұрын дерек ағып кетсе, оны пайдалану қиын болатын. ЖИ енді шашыраңқы деректерден тұтас портрет құрап шығады: атыңыз бір жерде, телефоныңыз екінші жерде, дертіңіз үшінші жерде ағып кетсе — ЖИ үшеуін біріктіріп, толық досье жасайды. Бұл — жаңа дәуірдің тәуекелі.

Қорғану үшін не керек: біріншіден, заңнама. Қазақстанда «Дербес деректер туралы» заң бар, бірақ ол ЖИ дәуіріне бейімделмеген. Жаңартылуы керек: автоматты шешім қабылдау туралы, профильдеу туралы, азаматтың «маған қатысты шешімді алгоритм қабылдамасын» деуге құқығы туралы нормалар қажет. Еуропаның GDPR пен AI Act-ы үлгі бола алады.

Екіншіден — техникалық шешімдер. Деректерді жинамай-ақ оқыту әдістері бар (federated learning, differential privacy деген технологиялар). Әсіресе балалардың деректері тек жабық, жергілікті жүйелерде өңделуі керек, шетелдік серверлерге жіберілмеуі тиіс. Жарлықта бұл туралы айтылғаны жақсы, бірақ техникалық орындалуы қалай болатыны әлі белгісіз.

Үшіншіден — азаматтың өз сауаттылығы. Адам қай қосымшаға қандай рұқсат беретінін, қай сайтта қандай деректі қалдыратынын түсінуі керек. Мемлекет қанша қорғаса да, өзі ерікті түрде бәрін беріп жүрген азаматқа көмектесе алмайды.

Ашығын айтсам — біз ЖИ мен жеке деректер арасындағы тепе-теңдікті әлі толық таппаған дүниедеміз. Қазақстан да, әлем де. Бұл сұрақ алдағы он жылдықтың ең үлкен қоғамдық пікірталасына айналады.

Қазақстан «Invisible Government» жүйесін енгізуге дайын

ҚР БҒМ ҒК «Ақпараттық және есептеу технологиялары институты» РМК бас директорының орынбасары, PhD, жасанды интеллект және цифрлық технологиялар саласының маманы Өркен Мамырбаевтың пайымдауынша, қазіргі таңда Қазақстан «Invisible Government» концепциясын енгізуге дайын. Себебі мемлекетте жасанды интеллектіні дамытуға және интеллектуалдық жүйелер арқылы шешім қабылдауға байланысты нақты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл бағытта дата-орталықтар құрылып, цифрлық инфрақұрылым дамуда. Қазіргі кезде мемлекеттік мәліметтердің басым бөлігі цифрлық форматқа көшірілген. Сондықтан «Invisible Government» концепциясын іске асыруға қажетті негіз қалыптасып отыр.

Жасанды интеллект мемлекеттік шешім қабылдау процесін айтарлықтай жеделдете алады. Бүгінде AI аналитика жүргізу, мәліметтерді талдау, түрлі кемшіліктерді анықтау және даму жоспарларын құру сияқты жұмыстарды автоматты түрде атқаруға мүмкіндік беріп отыр. Соның нәтижесінде шешім қабылдау уақыты қысқарады және мемлекеттік органдардың жұмысы жеңілдейді. Жалпы алғанда, жасанды интеллект мемлекеттік басқару саласындағы жұмысты шамамен 70 пайызға дейін жеңілдетуге мүмкіндік береді.

Қазір AI технологиялары мемлекеттік қызметтердің көптеген саласына енгізіліп жатыр. Мысалы, білім беру жүйесінде жасанды интеллект құралдары көрнекі материалдар дайындауға және ақпаратты бейнелі түрде ұсынуға көмектеседі. Ғылым саласында мәліметтерді тез тауып, сұрыптауға мүмкіндік береді. Медицинада әртүрлі патологиялық жағдайларды жылдам анықтайтын интеллектуалдық жүйелер қолданылып келеді. Байланыс саласында мәтінді автоматты түрде теру, аударма жасау және шуды азайту технологиялары кеңінен пайдаланылуда. Сонымен қатар сот процестерінде хаттамаларды автоматты түрде қазақ және орыс тілдерінде дайындау жүйелері енгізіліп жатыр.

Жасанды интеллектіні мемлекеттік жүйелерде қолданудың басты артықшылығы — жұмысты автоматтандыру, уақытты үнемдеу және тиімділікті арттыру. AI үлкен көлемдегі мәліметтерді қысқа уақытта өңдеп, нақты талдау жасауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар адам қателігін азайтып, мемлекеттік қызметтердің сапасын арттырады.

AI дамыған сайын азаматтардың жеке деректерін қорғау мәселесі де қатар күшейеді. Сондықтан бұл бағытта криптографиялық алгоритмдер, желілік қауіпсіздік жүйелері және түрлі қорғаныс модельдері дамытылып жатыр. Қазіргі таңда eGov пен банктік жүйелерде аутентификация және верификацияның бірнеше деңгейі қолданылады. Яғни жүйе адамның нақты өзі екенін бірнеше тексеру арқылы анықтайды. Технология дамыған сайын қауіп-қатер де көбейеді, сондықтан қорғаныс жүйелері де үздіксіз жетілдірілуі қажет.

Цифрландыру бағытында Қазақстан АҚШ, Қытай және Оңтүстік Кореяның тәжірибесіне сүйенуі керек. АҚШ жасанды интеллект технологияларын дамытуда әлемдегі көшбасшы елдердің бірі. Қазіргі таңда онда видео генерациялау, анимация жасау, экономикалық есептерді шешу және интеллектуалдық талдау бағыттары қарқынды дамып жатыр. Ал Қытай цифрлық технологияларды өндіріс, көлік және сауда салаларына кеңінен енгізіп отыр. Оңтүстік Корея да интеллектуалдық жүйелер мен автоматтандыру технологияларын дамытуда үлкен нәтижеге қол жеткізген мемлекеттердің қатарында.

Сонымен қатар AI көмегімен жемқорлық тәуекелдерін азайтуға болады. Себебі жемқорлық көбіне адам араласқан жерде пайда болады. Егер мемлекеттік процестер автоматтандырылып, кейбір шешімдерді жасанды интеллект арқылы қабылдау жүйесі енгізілсе, адам факторы азаяды. Соның нәтижесінде жемқорлық тәуекелі төмендейді. Жасанды интеллект технологияларын тиімді енгізу арқылы жемқорлық деңгейін тіпті 50 пайызға дейін қысқартуға мүмкіндік бар.

AI мемлекеттік қызметтердің бір бөлігін адамсыз атқара бастады

ҚазҰУ Цифрлы және зияткер шеберханасының аға ғылыми қызметкері, цифрлық технологиялар, жасанды интеллект және робототехника бағытындағы зерттеуші Талғат Сүндетовтің жеткізуінше, «Көрінбейтін үкімет» жүйесінде жасанды интеллект пен робототехниканың рөлі бірнеше қабаттан тұрады. Біріншіден, жасанды интеллект өтінімдерді талдап, азаматтың қажеттілігін болжап, шешімді автоматты түрде дайындайтын негізгі «ми» қызметін атқарады. Екіншіден, азаматпен байланыс жасайтын чат-боттар мен дауыстық көмекшілер бар. Үшіншіден, физикалық қабатқа мониторинг дрондары, инфрақұрылымды бақылайтын сенсорлық желілер және логистика роботтары кіреді. Мысалы, спутниктік деректер мен жер бетіндегі сенсорларды жасанды интеллект арқылы біріктіру арқылы кен орындары мен геотехникалық нысандарды адамсыз бақылауға болады. Бұл — «көрінбейтін үкіметтің» нақты қолданбасы.

Қазақстан мемлекеттік қызметтерді цифрландыруда посткеңестік кеңістікте алдыңғы қатарда тұр. eGov, цифрлық құжаттар мен биометрия жүйелері — соның дәлелі. Бірақ толық цифрландыру үшін ведомстволар арасында деректердің еркін жүруі, ауыл-аймақта тұрақты интернет, сенімді киберқауіпсіздік және қазақ тіліндегі жасанды интеллект модельдері қажет. Бұл бағыттардың бәрінде әлі де жетілдіру керек тұстар бар. Сондықтан «толық дайынбыз» деуден гөрі, «көп нәрсеге дайынбыз, кей бағыттар бойынша әлі даму үстіндеміз» деген көзқарас дұрыс.

Жоғары технологиялар мемлекеттік шешім қабылдау процесін айтарлықтай жеделдете алады. Әсіресе қағаз тексеру, мәтін талдау, есеп дайындау сияқты техникалық жұмыстар бірнеше есе жылдам орындалады. Бірақ саяси және әлеуметтік маңызы бар шешімдер тек технологияға тәуелді емес. Ондай мәселелерде адамдар арасындағы келісім мен мүдделер балансы маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар жылдам қабылданған шешім әрқашан сапалы шешім бола бермейді. Егер жасанды интеллект дұрыс емес деректермен жұмыс істесе, ол қателікті де жылдамдатады. Сондықтан басты мәселе — шешімнің тек жылдамдығында емес, оның дұрыстығында.

Қазірдің өзінде кейбір мемлекеттік процестер адам қатысуынсыз жүзеге асырылып жатыр. Автоматты әлеуметтік төлемдер, салықты алдын ала есептеу, лицензияны қайта рәсімдеу және бала туған кезде автоматты тіркеу соның мысалы. Болашақта қарапайым рұқсаттар, тіркеу және мониторинг процестері толықтай AI жүйелеріне өтуі мүмкін. Бірақ адамның тағдырына тікелей әсер ететін шешімдерде адам бақылауы сақталуы керек. Мысалы, сот үкімі, бала құқығы немесе әлеуметтік мәртебеге қатысты мәселелерде адамның жауапкершілігі маңызды. Бұл — этикалық шекара.

Қазақстан үшін негізгі кедергілердің бірі — қазақ тіліндегі жасанды интеллект модельдерінің әлсіздігі мен шетелдік цифрлық инфрақұрылымға тәуелділік. Сонымен қатар ведомстволар арасындағы деректер алмасу жүйесі толық қалыптаспаған. Кадр тапшылығы да бар. Қазіргі кезде AI инженерлері мен дата-ғалымдар жетіспейді. Бұдан бөлек, қала мен ауыл арасындағы цифрлық алшақтық мәселесі сақталып отыр. Алайда ең маңызды мәселенің бірі — қоғамның сенімі. Егер азаматтар жүйе олардың деректерін дұрыс пайдаланады деп сенбесе, ешқандай технология толыққанды жұмыс істей алмайды.

Жалпы, «көрінбейтін үкімет» — болашақтың технологиясы емес, қазірдің өзінде басталып кеткен процесс. Бала туған кезде автоматты тіркеу, проактивті жәрдемақылар және eGov-тағы көптеген қызметтер — соның алғашқы кезеңдері. Бұл бір күнде қалыптасатын жүйе емес, кезең-кезеңімен дамитын құрылым. Сондықтан негізгі мәселе оның келуінде емес, оның қалай жүзеге асатынында. Яғни бұл жүйе азаматтардың құқықтарын сақтай отырып, ашық әрі әділ алгоритмдер негізінде дамуы керек.

Войдите, чтобы оставить комментарий