Шерзаттың өліміне қатысты тергеу аяқталды

Шерзат Болаттың өліміне қатысты тергеу жұмыстары аяқталып, іс прокуратураға жолданды, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Алматы облыстық полиция департаментінің мәліметінше, барлық тараптар тергеу материалдарымен танысты, ал қылмыстық іс сотқа жіберілу үшін прокурордың қарауына тапсырылды.
«Тергеу аясында 40 сот-медициналық сараптама жүргізіліп, 200-ге жуық куәгерден жауап алынды. Барлық күдіктілермен оқиға орнында тергеу эксперименттері өткізілді, беттестірулер мен басқа да процессуалдық іс-шаралар жүргізілді. Сонымен қатар 8 бейнематериал зерттеліп, қылмысқа қатысы бар барлық тұлғаларға құқықтық баға берілді», – делінген полиция хабарламасында.
Қылмыстық іс 62 томнан тұрады. Онда жиналған барлық айғақтар, сараптамалық қорытындылар, тергеу хаттамалары және басқа да маңызды материалдар бар.
«Әрбір тергеу іс-қимылы заң талаптарына сәйкес жүргізілді. Барлық кезеңде заңдылық, ашықтық және объективтілік қамтамасыз етілді», – деп хабарлады полиция департаменті.
Сонымен қатар, тергеу барысы мен процеске қатысушылардың конституциялық құқықтарының сақталуын прокуратура органдары қадағалап отырды.
Соңғы жаңалықтар





