Каспийде аман қалған үш сарбаздың бірі жағаға өз күшімен жеткен
Каспийде теңізге кеткен 17 әскери қызметшінің арасынан аман қалған үшеудің бірі, 19 жастағы атыраулық Бекет Қуандық жағаға өзі жеткен. Анасы Қарлығаш Мырзағалиева «Ақ Жайық» басылымына ұлының ауруханаға түспегенін, жағдайы жақсы екенін айтты, деп хабарлайды Politico.kz.
Басылым бұған дейін Бекеттің ауруханада жатқанын хабарлаған еді. Алғашқы сағаттарда туыстары оның тірі қалғанын ғана біліп, ауруханаға жеткізілген болар деп болжаған. Оқиғаны ести сала Ақтауға аттанған отбасы таңертең ұлымен кездескенде ғана оның ауруханаға түспегенін білген.
«Құдайға шүкір, ұлым тірі. Таңертең Ақтауға келіп, оны көрдік. Аман-есен, өзі жүріп тұр. Жағаға өз күшімен жеткен. Қалған мән-жай тексеру аяқталған соң белгілі болар. Балаларымыз әлі жап-жас, бастан кешкендері өмір бойы естерінде қалады», деді анасы.
Бекет Атырау облысының Махамбет ауылынан. Ол 2025 жылғы 3 қазанда мерзімді әскери қызметке аттанып, Ақтаудағы №29011 әскери бөлімде борышын өтеп жүрген.
Қарлығаш Мырзағалиева марқұмдардың отбасыларына да көңіл айтты.
«Бұл бүкіл Қазақстан үшін ауыр қайғы. Ата-аналардың қазір не сезініп отырғанын сөзбен жеткізу мүмкін емес. Қаза тапқан балалардың аналары мен әкелеріне шын жүректен көңіл айтамын. Мұндайды енді ешкім басынан өткермесін», деді ол.
Еске салайық, 24 қыркүйекте Маңғыстаудағы оқу-жаттығу кезінде ауа райы бұзылып, жел күшейгенде әскерилерді теңізге алып кеткен. 14 адам қаза тауып, үшеуі құтқарылды.
Аман қалғандардың ішінде тек Ақжол Темірәлиев ауруханаға түскен. Ол есін жиып, облыстық аурухананың терапия бөлімінде дәрігерлердің бақылауында жатыр. Әкесі ұлының қалай құтылғанын айтып берген.
Оқиғаға байланысты 2 қылмыстық іс қозғалып, мән-жайы тергеліп жатыр. Ішкі істер министрлігі бес лауазымды тұлғаның ұсталғанын хабарлады.
Бүгін, 25 қыркүйек Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні.
Соңғы жаңалықтар