Шиповских: Мен тойда брейк билеп, дәретхана қазып күн көрдім

17.08.2026 21:05 Томирис САҒЫНДЫҚ
Шиповских: Мен тойда брейк билеп, дәретхана қазып күн көрдім
99
Фото: видеодан скриншот

Қазақ тілінің жанашыры, парламент мәжілісінің, сенаттың экс-депутаты Геннадий Шиповских жасөспірім шағында басынан өткен оқиғаларын әңгімеледі, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы ол журналист Жанар Байсемізге берген сұқбатында айтты.

«Әкем машинист болған. Расында, бұл кісілерді "машинистердің ГАИ-і" десек, қарапайым адамдарға түсінікті болу үшін артық айтқандық емес. Содан бір күні келген бригада: "Ойбай, бауырым, арамызда инструктор жүр, жөндеп тазалап ал, ертең басың бәлеге қалмасын" — деді. Инструктор деп естіп, жанымыз шыға жан-жақтың бәрін сүртіп жатырмыз. Қолымызда "Фейри", губкамен солярканың бәрін кетіріп жатырмыз. Сөйтсе инструктор келіп, фонарикпен қарап, былай түртті де: "Шиповских?" — деді. "Иә" — дедім. "Е, сен Генканың баласысың ғой", — деді. Мен Геннадиевичпін, әкем Геннадий Павлович болған. Әкемді ауылда көбісі "Генка" дейтін. "Сен соның баласысың ба? Таста, сүртпе, болды" — деді. "Ойбай, келсеңші! Біз әкеңді қалай жақсы көргенімізді білесің бе? Мен әкеңмен бірге көмекші болғанмын. Әкең маған алғаш рет пойыз айдауды үйреткен, сол кісімен бірге жүргенбіз" — деді. Ол кісінің аты-жөні — Әйтешов Байғазы, қазір Сексеуіл кентінде тұрады, зейнетте. Біздің екі-үш үйден кейінгі көршіміз болған. Сонда құрметтің не екенін сол кезде түсіндім. Қаншама жыл өтті. 2014 жылмен есептеп отырсақ, әкемнің қайтыс болғанына 12 жылдан астам уақыт өтті. Бірақ әкемнің есімі онымен бірге жұмыс істеген халықтың есінде мәңгі сақталды», — деді Геннадий Шиповских.

Ары қарай ол өзі бастан кешірген өмірді балалары көрмеуі үшін барын салатынын алға тартты.

«Орысша айтқанда, "рубцы остались", ізі қалды, жүректе тілім-тілім жарасы бар. Балаға оңай емес. Әрине, менің ең бірінші тілейтінім — өзімнің көргенімді, басымнан өткенді бала-шағам көрмесін. Ең бастысы, Алладан соны тілеймін. Қалған лауазым, жұмыс, қызмет — бүгін бар, ертең жоқ нәрсе. Бірақ артыңнан ерген балаларың сенің басыңнан өткен ауыр жолмен жүрмесе екен деймін. Көп адамдар сырттай қарап: "Мынау депутат болып жүр, костюм-шалбар киеді" — деп ойлайды. Бірақ әрбір азаматтың артында өзіндік трагедиясы, басынан өткен тарихы бар», — деді тіл жанашыры.

Ары қарай балалар үйінен қашқан соң қалай өмір сүргенін, кім көмектескенін еске алды.

«Аш болмауды, қай жаққа қонсам екен деп ойладым. Ол қонатын жер салқын болмаса екен дедім, болды. Басқа ешқандай ой болған жоқ. "Ертеңге дейін жейтін наным бар ма?" деген жалғыз ой болды. Ол — шындық. Жоқ дегенде бір-екі ай жүрдім. Балалар үйінен үш рет қаштым. Үшінші қашуым "Побег из Шоушенка" фильміндегідей болды. Өйткені мені бірінші рет ұстады, екінші рет ұстады. Адамды бір-екі рет ұстағаннан кейін ол қай жолдардан жүрмеу керегін, қай жерде полиция болатынын біліп алады. Біздің кезімізде ИДН, қазіргі «ювенальная полиция» деген болды. Қай жерде ИДН қызметкерлері жүреді, қай жерде жүрмейді — соның бәрін біліп алдық. Қазір ойласаң күлкілі, бірақ ол кезде күлкілі болған жоқ. Дегенмен, содан кейін бірте-бірте өзіме кәсіп таптым. Ол туралы сұқбаттарда айтқанмын: 2005 жылы елімізде брейкданс өте танымал болды. Балалар тойға кіреді, табақ қояды, бәрі табаққа ақша салады. 2005-2010 жылдары осындай тенденция болды, тіпті мейнстрим деуге болады. Сол кезде сондай жігіттермен танысып, кейде тойларға барып билеп, ақша жинап алатынбыз. Болмаса, Қызылорда қаласындағы "Сабалақ" сияқты саяжай массивтеріне барып, біреудің әжетханасын қазып бересің, біреудің бақшасын аударып бересің. Біреу 100 теңге, біреу 200 теңге береді. Ал ең жақсы қонатын жерім компьютерлік клуб болды. Клубта түнге қону 100-150 теңге еді. 100 теңге төлейсің де, азанға дейін сонда қонасың. Мен ол жаққа ерте барамын. Қолымда бір бөлке нан, бір «кола», бір майонез болады. Түнгі тамағым — сол. Жеп аламын да, компьютерлік клубта отырамын. Түнде бос орындықтар болса, үш-төрт орындықты қатар қойып, соған жата қоямын. Сол менің төсегім болды. Азанда тұрып, автобусқа мінемін де, қаланы аралаймын. Анда барамын, мында барамын, не болып жатқанын қараймын. Сөйтіп өмір өтіп жатты. Одан кейін өмірімде әке-шешеме тап болған ағам пайда болды. Қазіргі Ғани деген ағамның досы — Еркін Сағынбаев деген жігіт. Сонымен бірінші таныстым. Ол Тасбөгет кентінде тұрады. Біз қазір тек аға-іні емес, тіпті дос сияқты болып кеткенбіз. Ол кісі де маған көп тәрбие берді. Сол Еркінмен кездескенде, ол мені аяп, үйіне алып келді, тамақ берді. "Бір-екі күн мына түрмен абайлап жүр, сені ұстап алуы мүмкін" — деді. Сосын: "Менің Ғани деген жан досым бар. Соның Мұрат және Баян деген әке-шешесі бар. Давай, мен соларға хабарласып көрейін. Мүмкін сен сол жаққа барарсың. Ол кісілер өте жақсы, байсалды, сені артық ұрып-соқпайды" — деді. Мен де түсіндім: ертеңге дейін қашанға дейін билеп жүремін? Бір күн болмаса бір күні полицияға қайта түсемін, мені қайтадан жетімдер үйіне апарады. Содан: "Қой, ондай болса, көрейін" — дедім. Осы оқиғаның басты себепшісі — біздің Еркін ағамыз болды. Ол кісі қазір де Қызылорда қаласында тұрады», — деді Геннадий Шиповских.

Войдите, чтобы оставить комментарий