"Жар таңдаудан жаңылды". Ұлдананың анасы экс-күйеу баласына өтініш айтты

17.08.2026 20:13 Томирис САҒЫНДЫҚ
81

Марқұм фельдшер Ұлдана Мырзуанның анасы Сәлима Ешанқұлова қызының экс-күйеуі Әділет Зейнелге өтініш айтты. Ол бұрынғы күйеу баласынан «жәбірленуші» мәртебесінен бас тартуды сұрады, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы ол журналист Руслан Өтепбайға берген сұқбатында әңгімеледі.

Сәлима Ешанқұлованың айтуынша, марқұм қызы жар таңдаудан қателескен.

«Менің қызым тұрмысқа шыққаннан кейін былай айтқан: «Мама, мен мамандық таңдаудан да, жар таңдаудан да жаңылысқан жоқпын. Маған Әділет қатты көңіл бөледі. Күнде келгенде — аузымнан не шықса, соның барлығын әкеліп жатыр, мен бақыттымын», — деген. Күні кешеге дейін, сол шақыртуға бара жатанға дейін: «Мама, мен үшін уайымдамаңыз, мен Әділетпен бақыттымын. Сіз бір нәрсені ойыңызға түйіп аласыз да, уайымдай бересіз ғой. Менде барлығы жақсы, мен бақыттымын, бақыттымын», — деп кетті. Сол кезде мен қатты қуанғанмын. Қызымның жар таңдаудан да, мамандық таңдаудан да жаңылымай тұрғанына Аллаға шүкір деп, шүкіршілік жасап отырған едім. Бірақ кешегі мына жағдайда қызымның жар таңдаудан жаңылғанын білдім», — деді Сәлима Ешанқұлова.

Десе де, ол Ұлдана Мырзуанның бала күнінен ақ халат киюді армандап, халыққа жәрдемдесуді мақсат тұтқанын жасырмады.

«Жар таңдаудан жаңылды, бірақ мамандығын өзі кішкентайынан, «ақ халат киіп, елге, халыққа қызметімді аяудан шаршамаймын, мама, маған өзімнің жұмысым ұнайды» дейтін. Бұл бірінші кезде осы «Жедел жәрдемге» кіргенінің арасында бұл жұмыстан бір шығып кетті. Кейін қайтадан: «Мама, мен басқа жерде істей алмайды екенмін, мен өзім сол «Жедел жәрдемге» бармасам болмайды, не десеңіз де мен сол жұмысты жақсы көремін», — деп қайтып барды», — деді Сәлима Ешанқұлова.

Мұнымен қатар, ол бұрынғы күйеу баласы Әділет Зейнелден жәбірленуші мәртебесінен бас тартып, жаңа шаңырағына қамқор болуды сұрады.

«Әділетке әлі де тағы да қайталап айтамын: жабірленушіліктен бас тартсын, өйткені оның ендігі міндеті — алдында алған жары, сол жарына ие болып, өзінің өмірін ары қарай... Ол да айтты ғой: «Мен жаңа парақты аштым», — деп отыр ғой. Сол жаңа парақпен жаңа өмір бастап, өз жолымен кете берсін. Жабірленуші болып бұл жақта біз, ата-анасы бармыз», — Ұлдана Мырзуанның анасы.

Войдите, чтобы оставить комментарий