Шоқановтың Дариға Назарбаевамен қандай туыстық байланысы бар – партия төрағасы жауап берді

30.06.2026 14:52 Әсел МҰРАТ
Шоқановтың Дариға Назарбаевамен қандай туыстық байланысы бар – партия төрағасы жауап берді
299
Фото: Қазақстан халық партиясы

Қазақстан Халық партиясының жаңадан сайланған төрағасы Нұрсұлтан Шоқанов өзін Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаевамен байланыстыратын қауесеттерге пікір білдірді, деп хабарлайды Politico.kz.

Шоқанов партия тізгінін қолға алғаннан кейін әлеуметтік желілерде оның Дариға Назарбаевамен алыс туыстық байланысы болуы мүмкін екені, сондай-ақ Имашевтер әулетімен іскерлік қарым-қатынасы бар деген болжамдар тарай бастады. Берік Имашев – Орталық сайлау комиссиясының бұрынғы төрағасы әрі Дариға Назарбаеваның құдасы.

Журналистер кулуарда Нұрсұлтан Шоқановтан Дариға Назарбаеваның отбасымен қандай да бір туыстық байланысы бар-жоғын тікелей сұрады.

«Бұл әңгіме бұрыннан айтылып жүр. Бірақ ол шындыққа жанаспайды. Менің Дариға Назарбаевамен ешқандай қатысым жоқ. Мұны кез келген адам оңай тексере алады», – деді ол.

Нұрсұлтан Шоқанов сондай-ақ Қазақстандағы басқа да саяси қайраткерлермен ешқандай туыстық байланысы жоқ екенін айтты.

Еске салайық, 27 маусымда өткен Қазақстан халық партиясының кезектен тыс съезінде делегаттардың қолдауымен Нұрсұлтан Шоқанов Ермұхамет Ертісбаевтың орнына төраға болып сайланды. Ол бұған дейін Алматы қаласы мәслихатының VII және VIII шақырылымдарының депутаты ретінде құрылыс, сәулет, урбанистика және жер қатынастары жөніндегі комиссияны басқарған.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде Нұрсұлтан Шоқановтың ұлы Ибрагим Шоқановтан Қазақ хандығының қашан құрылғаны сұралған видео тараған еді. Бейнежазбада жасөспірім: «Бізде Қазақстан тарихы оқытылмайды, біз ағылшын мектебінде оқимыз», – деп жауап берген.

Осы жайтқа байланысты Нұрсұлтан Шоқанов ұлының көпшіліктен кешірім сұрайтынын айтты.

Войдите, чтобы оставить комментарий