"Шүкір айту ертерек сияқты": Жұлдыз Әбдікәрімова жан сырын ақтарды
Актриса Жұлдыз Әбдікәрімова әлеуметтік желідегі парақшасында қазіргі көңіл күйі мен өміріндегі өзгерістер туралы жазба жариялады, деп хабарлайды Politico.kz.
Өнер иесі сәуір айын үмітпен қарсы алғанын айтып, отбасы жағдайының жақсы екенін жеткізді. Оның айтуынша, үйінде қонақ үзілмей, жақсы тілектер айтылып жатыр.
«Сәуір болды, енді бәрі де тәуір болар. Дәл қазіргі шақтағы көңіл сарайым тамаша. Шүкір. Үйімізден қонақ үзілмей, талай тілек тіленіп, бата беріліп жатыр. Балалар өз болашақтарына әрекет қылып келеді. Рәбия Сұлтанымыз жасына сай дамып, еңбектеп қалды. Ай астындағы жылжып жатқан әдепкі тіршілік үшін тәубе деймін», – деп жазды ол.
Сонымен қатар актриса шығармашылыққа қатысты ойымен де бөлісіп, алдағы жоспарларының ауқымды екенін аңғартты. Ол өнер жолындағы жауапкершілікті ерекше атап өтті.
«Тәубә! Бірақ шүкір айту ертерек сияқты. Олай деуімнің себебі, айнадағы бейнем былай деді: “Өнердегі жасайтын шаруа бастан асатындай сезіледі. Иә, бұған дейін де жасағанымыз бар. Көпшілік үшін көлемі бармақтай болғанымен, өзің үшін салмағы мың батпан еді. Егер бізде шұғылалы нұр демейін, жіптік сәуледей зерде болса, таудай демейін, тобықтай талап болса, бармақтай демейін, тырнақтай бақ болса, ол — бізге сұраусыз берілген сый емес. Несие. Өнер жолында парыз арқалатқан, қоғам алдындағы қарызымыз. Демек, әлі де құнды, мәнді, мазмұнды шығармашылық алдағы уақыт еншісінде!”. Мен айнадағы бейнеммен келіскендей болдым», – деді актриса.
Желі қолданушылары актрисаның бұл жазбасына жылы пікірлер қалдырып, қолдау білдіруде.
Соңғы жаңалықтар