Шымкентте балаларын үтік басып қорлаған әйел сотталды
Шымкент қаласында өз балаларын азаптады деп айыпталған әйелге қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Politico.kz.
Сот материалдарына сәйкес, әйел 9 жастағы ұлы мен 11 жастағы қызына бірнеше рет қатыгездік көрсеткен. Тергеу мәліметінше, бәрі анасының ұлын темекімен көргенінен кейін басталған. Ашуға булыққан әйел баланы ұрып, кейін қыздырылған шанышқымен аузын күйдірген.
Арада бір күн өткенде, кешірім сұрағанына қарамастан, баласына тағы қол көтерген. Кейін балаларды 10 мың теңге ұрлады деп күдіктеніп, ұлының бетін ыстық үтікпен, ал қызының денесін күйдіргені анықталған. Бұдан бөлек, балалардың шашын тақырлап алып тастаған.
Тергеу барысында әйелдің балаларды өзенге апарып, мұздай суға түсуге мәжбүрлегені және оларды қылқындырғаны белгілі болған. Сотта бұл әрекеттердің балаларға ауыр психологиялық соққы болғаны айтылды.
Қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сот мәліметінше, айыпталушының кінәсі балалардың жауаптарымен, сараптама қорытындыларымен, оқиға орнын тексеру материалдарымен және өзінің мойындауымен дәлелденген.
Прокурор әйелді 4 жыл 8 айға бас бостандығынан айыруды сұраған. Ал жәбірленушілердің өкілі, яғни әйелдің бұрынғы енесі оны кешіретінін айтқан.
Сот жеңілдететін мән-жай ретінде айыпталушының кінәсін мойындауы мен өкінуін ескерген. Сонымен қатар оның ата-ана құқығы шектелгені де назарға алынған. Нәтижесінде әйел Қылмыстық кодекстің 110-бабы бойынша кінәлі деп танылып, 5 жыл 3 айға бас бостандығынан айырылды. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Сотта әйел мұндай әрекетке ауыр тұрмыс жағдайы мен жоқшылық себеп болғанын айтты. Оның сөзінше, күйеуі шетелге кетіп, өзін төрт баламен қаражатсыз қалдырған.
«Үйде тамақ та, газ да болмады. Соның бәрі мені қатты күйзелтті. Аффект жағдайында болдым», – деді ол сотта.
Соңғы жаңалықтар