Шымкентте дендросаябақтан ағашқа асылған ер адамның денесі табылды
22 ақпан күні таңғы сағат бестер шамасында Шымкент қаласындағы дендросаябақ аумағынан ер адамның мәйіті табылды. Оқиға туралы куәгерлер бірден полицияға хабар берген,деп хабарлайды Politico.kz сайты Ulysmedia.kz сайтына сілтемемен.
Алдын ала мәлімет бойынша, марқұм ағашқа асылған күйде болған. Қалалық полиция департаменті аталған дерекке қатысты қылмыстық іс тіркелгенін мәлімдеді.
«Полицияға суицид белгілері бар мәйіттің табылғаны туралы хабарлама түсті. Аталған факт бойынша өз-өзіне қол жұмсауға дейін жеткізу бабымен сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын анықтауға бағытталған барлық қажетті тергеу амалдары жүргізілуде», – деп хабарлады Шымкент қалалық ПД.
Оқиғадан кейін әлеуметтік желіде тұрғындар дендросаябақтағы қауіпсіздік мәселесін көтерді. Кейбірі күзет қызметінің жұмысына күмән келтіріп, таңғы уақытта бөгде адамдардың саябақ аумағында еркін жүруі қалай мүмкін болғанын сұрауда. Сонымен қатар, бейнебақылау камераларының жұмысы да талқыға түсті.
Айта кетейік, дендросаябақ – қала тұрғындары жиі серуендейтін, таңертең балаларымен келетін ата-аналар мен спортшылар жүгіретін қоғамдық орындардың бірі.
Қазір құқық қорғау органдары оқиғаның барлық себептері мен жағдайларын анықтап жатыр.
Соңғы жаңалықтар