Шымкентте қар басқан ағаш бұтағының астында қалған оқушы қаза тапты
Қайғылы оқиға Шымкент қаласының 11-шағынауданында болды, деп хабарлайды Politico.kz.
Қалың қардың салмағына шыдамаған ағаш бұтағы сынып, мектеп оқушысының үстіне құлаған. Бала оқиға орнында көз жұмды.
№36 мектептің 4-сынып оқушысы қар басқан ағаштардың астымен өтіп бара жатқан сәтте ауыр бұтақ үзіліп, дәл үстіне құлаған.
Баланың денесін аула сыпырушылар тауып, жедел жәрдем шақырған. Алайда дәрігерлер келгенше ол жан тапсырған.
Түнде Шымкентке биылғы қыста алғаш рет қалың қар жауып, қала қар құрсауында қалды. Төтенше жағдайлар қызметі мен коммуналдық мекемелерге ондаған өтініш түскен. Электр сымдары үзіліп, көліктер зақымданған, көптеген ағаштар сынған.
Қала ауа райының тосын соққысына дайын болмағаны айтылуда.
Шымкент қалалық полиция департаменті оқиға фактісін растады. Қазіргі уақытта тексеру жұмыстары жүргізіліп, оқиғаның мән-жайы анықталуда.
Соңғы жаңалықтар