Шымкенттегі сұмдық қылмыс: Нұрайдың туыстары маңызды мәлімдеме жасады

05.07.2026 09:20 Қарақат АСЫЛОВА
Шымкенттегі сұмдық қылмыс: Нұрайдың туыстары маңызды мәлімдеме жасады
315
Марқұм Нұрайдың туыстары дабыл қақты

Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты қылмыстық іс прокуратураға жіберілді, деп хабарлайды Politico.kz.

Алайда марқұмның туыстары мен олардың адвокаты тергеу нәтижесімен келіспейтіндерін айтып, істі қосымша тергеуге қайтаруды талап етті.

Жәбірленуші тараптың заңгері Аянхан Омаровтың айтуынша, іс материалдарымен танысу барысында отбасы берген бірқатар өтініштердің қаралмағаны және тергеу кезінде елеулі заңбұзушылықтарға жол берілгені анықталған. Осыған байланысты олар прокурорға шағым жолдап, істі қайта тергеуге қайтаруды сұраған. Алайда әзірге ресми жауап алынбаған.

Қазіргі таңда 28 жастағы күдіктіге аса қатыгездікпен адам өлтіру, сталкинг және некеге мәжбүрлеу баптары бойынша айып тағылған. Марқұмның жақындары прокуратура іс материалдарын тексеру кезінде айыптардың бір бөлігі алынып тасталуы мүмкін деп алаңдайды.

Сондықтан отбасы Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасына жүгініп, істі ерекше бақылауға алып, күдіктіге тағылған барлық айыптарды сақтап қалуды сұрады.

Еске салайық, Нұрай Серікбай 2026 жылғы 11 қаңтарда қаза тапқан. Тергеу мәліметінше, оған бұрын үйленуге әрекет жасаған ер адам шабуыл жасап, өмірін қиған.

Войдите, чтобы оставить комментарий