"Сиблинг қызғанышы" деген не немесе біртуғандар неге бір-бірін жек көреді?

28.08.2026 12:27 Томирис САҒЫНДЫҚ
80
Фото: ЖИ көмегімен жасалды

Отбасы ішіндегі қарым-қатынас пен бауырлар арасындағы түсініспеушіліктердің негізі көбіне балалық шақта қалыптасады. Мамандардың айтуынша, психологиялық сауаттылықтың төмендігі мен шешілмеген ішкі дау-дамайлар кейіннен жаңадан құрылған шаңырақтың да тұтастығына кері әсерін тигізеді. Психоаналитик Анна Құдиярова отбасылық жанжалдардың түпкі себептері мен оларды шешу жолдары туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы Анна Құдиярова Асмира Ермекқызымен болған сұқбатта әңгімеледі.

Психоаналитик отбасындағы балалар арасында жиі кездесетін бәсекелестіктің пайда болу механизмін түсіндірді.

«Психологияда «сиблинг қызғанышы» деп аталатын, өмірде жиі кездесетін айрықша құбылыс бар. Бауырлар — апалы-сіңлі, ағалы-інілер арасындағы көзге көрінбейтін бәсекелестік пен ішкі реніштің тамыры көбіне балалық шақтан бастау алады. Отбасында қанша бала болса да, бәрінің тосатыны — ананың шексіз мейірімі мен ыстық махаббаты. Алайда ана жүрегінің мейірімі жүз пайыз болғанымен, оны бірнеше балаға теңдей бөліп беру табиғи түрде мүмкін болмай жатады», — деді Анна Құдиярова.

Сарапшының сөзінше, бала кезде қалыптасқан ішкі өкпе жылдар өте келе бауырлар арасын суытып, үлкен алшақтыққа әкелуі мүмкін.

«Тұңғыш бала артынан ерген інісін немесе қарындасын ашық түрде де, іштей де қызғануы — заңдылық. Өйткені ол ана назарының өзінен екінші сәбиге ауысқанын, мейірімнің бөлініп кеткенін ауыр қабылдайды. Сәби кезінен басталған осы бір өкпе-реніш жылдар өте келе тереңдей бермек. Тіпті, кейбір бауырлардың арасындағы суықтық ондаған жылдар бойы бір-бірін іздемеуге, бір дастарқан басына отырмауға дейін жеткізеді», — деді психоаналитик.

Сонымен бірге, отбасында жылдар бойы шешімін таппаған психологиялық мәселелер көбіне үйге жаңадан түскен келінге бағыталатыны байқалады.

«Ең өкініштісі, отбасында жылдар бойы жиналған осы теріс эмоциялар мен шешілмеген ішкі дау-дамай кейде үйге жаңадан түскен келінге бағытталып кетеді. Жаңа түскен келіннің кішігірім қателігі мен кемшілігі болғанымен, ол әулет ішінде бұрыннан келе жатқан өзара өкпе-реніштердің барлығына «айыпты» болып, ауыр жүгін арқалауға мәжбүр болады. Міне, осындай күрделі ортада отбасылық бақытты сақтап қалу үшін жұбайдың психологиялық сауаттылығы мен ішкі мәдениеті ауадай қажет. Еркектер қауымы психолог маманның көмегіне жүгінуге аса құлықты бола бермейтіні жасырын емес. Дегенмен, ер азаматты психологиялық сауаттылыққа баулып, арнайы тренингтерге бірге қатысуға көндіре алсаңыз, ол — болашақ отбасының берік тірегі. Психологиялық мәдениеті жоғары азамат шаңырақта дауыс көтеруге де, қол жұмсауға да бармайды. Керісінше, кез келген түйткілді отырып, ашық сөйлесіп, сыйластықпен шешуге ұмтылады», — деді психолог.

Маман отбасылық қарым-қатынаста, соның ішінде ене мен келін арасындағы сыйластықты сақтауда эмпатияның негізгі фактор екенін атап өтті.

«Мұндай биік өре мен түсіністіктің артында үлкен эмпатия, яғни өзге адамның ішкі күйін сезіне білу қабілеті жатыр. Ене мен келін арасындағы қарым-қатынаста да бұл қасиет маңызды рөл атқарады. Іште реніш пен келіспеушілік болса да, енесінің ішкі толқынысын, жанашырлығын немесе қорқынышын түсініп, соған қарамастан сый-құрметін үзбеу — шынайы парасаттылық пен психологиялық мәдениеттің белгісі», — деді маман.

Войдите, чтобы оставить комментарий