«Өлгім келетін»: Айнұр Тұрсынбаева жазбасымен жұртты ойлантып қойды

01.10.2026 • 14:49 Мөлдір ҚАЙНАР
«Өлгім келетін»: Айнұр Тұрсынбаева жазбасымен жұртты ойлантып қойды
217
Фото: әлеуметтік желі

Танымал айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева өмірінің ең қараңғы әрі қиын кезеңдерін еске алып, әлеуметтік желіде оқырмандарына жан сырын ақтарды, деп хабарлайды Politico.kz.

Өнер иесі басынан өткен ауыр күндері жайлы ашық айтып, қаржылық тығырық пен күйзелістің шырмауында қалған сәттерін тілге тиек етті:

«Менің өмірімде ең ауыр сынақ 2016 жылы келді. Есіме түссе, әлі де жылаймын. Жалғыздық, қарыз, депрессия, стресс — бәрі бірінің артынан бірі келді. Әсіресе әрі қарай қалай күн көремін деп ойласам, өлгім келетін еді. Сауда білмеймін, бірдеңе бастасам, банкрот болып кетіп жатты. "Квестра", "Апорт" деген қаржылық пирамидаларға кіріп, қалған ақшамнан айырылып, қарызға баттым. Сол кезде жылап төсек тартып жатып қалдым, ауруханаға түстім, елмен араласпадым. Ештеңе көмектеспеді, миым өліп қалған сияқты болды…», – деп еске алады ақын.

Сондай-ақ ол 9 айға созылған тоқыраудан қалай шыққанын және өзін қайта қолға алуға не себеп болғанын жеткізді:

«Түнімен мешітке барып, дұға жасап, ұйықтап жүрдім. Таңғы 6-7-де ұйықтап, кешкі 8-9-да оянып жүрдім. Сөйтіп жүргенде 9 ай өтті, осы уақытта ішпей-жемей семіріп кеттім. Онлайн сабақтарды сатып алып, тыңдауға шамам келмей, жаба салатынмын. Сөйтіп жүріп, офлайн сабақтар мен кітапқа көштім. Маған жаңа әлемнің есігі ашылды. Неге қиналғанымды, қарызға кіргенімді, ажырасқанымды — бәрін-бәрін түсіндім. Солай орнымнан тұрдым. Қазір солай қиналған адам көрсем, "оқыңдаршы" деп айқайлағым келеді», — деп түйіндеді Айнұр Тұрсынбаева.

Войдите, чтобы оставить комментарий