Табысынан шығыны көп қазақстандықтарға 10 пайыз көлемінде салық салынбақ

01.04.2026 17:29 Мөлдір Талғат
Табысынан шығыны көп қазақстандықтарға 10 пайыз көлемінде салық салынбақ
61
Фото: ашық дереккөз

Қазақстанда табысы мен шығысы сәйкес келмейтін азаматтарға 10% мөлшерінде салық салу тетігі қарастырылып жатыр. Бұл туралы  Politico.kz “Информбюроға” сілтеме жасап хабарлады.

Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, енді жеке тұлғалардың тек табысы ғана емес, олардың шығыстары да камералдық бақылауға алынбақ. Егер кіріс пен шығыс арасында айырмашылық анықталса, азаматқа арнайы хабарлама жіберіліп, 30 жұмыс күні ішінде түсініктеме беру міндеттеледі.

Комитеттің басқарма сарапшысы Ұлдана Сүлейменнің айтуынша, егер азамат шығынының табыстан не себепті артық екенін дәлелдей алмаса, айырма сомасына 10% салық есептеледі. Мысалы, ресми табысы 300 мың теңге, ал шығыны 500 мың теңге болса, 200 мың теңге айырмаға 20 мың теңге салық салынуы мүмкін.

Салық төлеуші хабарламада көрсетілген бұзушылықтармен келіссе, тиісті кезең үшін салық есептілігін тапсырып, бюджетке төленетін міндетті төлемдерді өтеуі тиіс.

Ал салық сарапшысы Айдар Масатбаев бұл тетік қарапайым азаматтарға айтарлықтай әсер етпеуі мүмкін екенін айтады. Оның пікірінше, мұндай бақылау көбіне салықтан жалтаратын ірі кәсіпкерлер мен ауқатты топтарға қатысты тиімді болмақ.

“100–200 мың теңге көлеміндегі артық шығынды азаматтар қарызға алдым немесе туысым көмектесті деп түсіндіре алады. Салық органдары әрбір жеке қарым-қатынасты тексере бермейді. Дегенмен бұл талап ірі кәсіпкерлер мен олигархтарға қолданылса орынды”, – дейді сарапшы.

Қазіргі таңда табыс пен шығысқа қатысты камералдық бақылау басталып кеткен. Бұған дейін Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Сейілжан Ахметов тексеру жүріп жатқанын хабарлаған болатын.

Оның айтуынша, айырмашылық анықталған жағдайда алдымен ескерту беріледі. Егер азамат түсініктеме бере алмаса, кейін ресми хабарлама жолданып, айырма сомасының 10%-ы көлемінде салық төлеу міндеттеледі.

Айта кетейік, камералдық тексеру – салықтық бақылаудың бір түрі. Ол салық органдары тарапынан салық төлеушінің есептері мен декларациялары негізінде жүргізіледі. Бұл тексерудің ерекшелігі – инспекторлар азаматтың үйіне немесе кеңсесіне бармайды, барлық тексеру мемлекеттік жүйелер арқылы жүзеге асырылады.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий