Қостанай облысында қонаққа бара жатқан ер адамға қасқыр шабуыл жасады
Қостанай облысы Жангелдин ауданына қарасты Ақкөл ауылында түз тағысы ер адамға шабуылдап, қолын тістеп алған, деп хабарлайды Politico.kz.
Зардап шеккен азамат алдымен аудандық ауруханаға жеткізіліп, кейін Арқалық қаласына жөнелтілді.
Жергілікті БАҚ мәліметінше, 1978 жылы туған ер адам Ақкөлге ата-анасының үйіне қонаққа келген. Кешкі уақытта таныстарына қонаққа бара жатқан жолда оған қасқыр тап берген.
Абырой болғанда, айғай-шуды естіген көршілері дер кезінде көмекке келіп, ер адамды жыртқыштан арашалап қалған. Ауыл тұрғындары қасқырды сол жерде өлтірген.
Қостанай облыстық денсаулық сақтау басқармасы оқиғаға қатысты ресми түсініктеме берді.
«Жангелдин ауданында болған жағдай бойынша 1978 жылы туған науқас Арқалық өңірлік ауруханасына ауыстырылғанын хабарлаймыз. Қазіргі уақытта оның жағдайы орташа ауыр деп бағаланып отыр. Науқас дәрігерлердің бақылауында, клиникалық хаттамаларға сәйкес барлық қажетті медициналық көмек көрсетілуде», – делінген басқарма хабарламасында.
Соңғы жаңалықтар