Талғарда жұртқа тегін нан таратқан ер адамды пышақтап кетті
Алматы облысы Талғар ауданының Ақтас ауылында тандыр нан сататын ер адам қатыгездікпен өлтірілді, деп хабарлайды Politico.kz.
Алматы облысы Полиция департаментінің хабарлауынша, жедел іздестіру шаралары барысында 56 жастағы күдікті анықталып ұсталды. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Полиция мәліметінше күдікті өз кінәсін толық мойындаған. Қазіргі уақытта кісі өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Алдын ала тергеу мәліметтері марқұм мен күдікті арасында сөз қақтығысы туындағанын көрсетеді. Жанжал кезінде ұсталған азамат жәбірленушіге 2 рет пышақ сұққан. Одан кейін ол оқиға орнынан дереу жасырынып үлгерген. Тергеу жалғасуда. Оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттерінің кешені жүргізілуде.
Жергілікті тұрғындар марқұмның өте мейірімді адам болғанын еске алады. Бұл туралы Threads әлеуметтік желісінің қолданушысы жазды.
Оның сөзіне қарағанда марқұм Қазақстанға отбасын асырау мақсатында келген. Ол ақшасы жетпей тұрған тұтынушыларға нанды тегін бере берген. Әр жұма сайын халыққа қайырымдылық жасап нан таратқан. Дүкендерге тапсырыс апарған кезде жолда тұрған жолаушыларды көлігіне мінгізген. Осы қанды оқиғадан кейін тұрғындар Талғардың қауіпті аймаққа айналып бара жатқанына алаңдаушылық білдірді.
Соңғы жаңалықтар