Танымал актриса бұрынғы күйеуінен қорлық көріп жүргенін айтып, көмек сұрады
Белгілі блогер әрі актриса Анель Аманғалиева жарты жылдан бері бұрынғы күйеуінің аңдып-қудалауына ұшырап жүргенін мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.
Актрисаның айтуынша, М.Б. есімді азамат ресми құжаттарда әлі де оның жұбайы ретінде тіркеліп тұр және ажырасу процесіне әдейі кедергі келтіріп келеді. Ол ер адамның интимдік сипаттағы фото-видеолар арқылы қысым көрсетіп, қорқытуға дейін барғанын айтады. Анель бұл хат-хабарламалардың бір бөлігін Threads желісінде жариялаған.
Анель Аманғалиева 2024 жылдың соңында баласымен бірге жаңа некеге тұрғанын, ал бұрынғы күйеуімен 2014 жылдан бері таныс болғанын жеткізді. Оның сөзінше, мәселе ресми некеден кейін ушыққан.
«Ол менің басқа адаммен кездескенімді білген соң, мені қорлап, тек өзі ғана қабылдай алатынын айтты. Алты ай бойы психологиялық қысым көрдім», – дейді актриса.
Анельдің айтуынша, олар бірге тұрмаған. Ер адам қымбат сыйлықтар ұсынып, демалысқа шақырғанымен, актриса өзін қауіпсіз сезінбеген. Сонымен қатар, ол сол кезеңде күйеуінің компаниясында жұмыс істеп, қаржылық тәуелділіктен қорыққанын жасырмайды.
Актриса 2025 жылдың маусымында Грузияда күйеуінің қол көтеріп, мұрнын сындырғанын айтты. Медициналық тексеру Қазақстанға оралған соң жүргізілген.
Осы оқиғадан кейін Анель қарым-қатынасты түбегейлі үзгенін, жұмысынан кетіп, жеке кәсібін бастағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, қаржылық тәуелсіздікке қол жеткізген соң қысым одан әрі күшейген.
Сондай-ақ ол Алматыда және Ташкент әуежайында болған жанжалдарды, қоқан-лоқы мен мүлкін тартып алу фактілерін де атап өтті. Кейін ер адам жалған аккаунттар арқылы интимдік материалдармен қорқытып, таныстары мен клиенттеріне жазғанын жеткізді.
Анельдің айтуынша, тағы бір әйел де осы азаматтың қудалауына ұшырағанын айтқан. Актриса бұрынғы күйеуінің өзге әйелдермен жазысқан хаттарының үзінділерін әлеуметтік желіде жариялаған.
Айта кетейік, 2025 жылдың 16 қыркүйегінен бастап Қазақстанда сталкингке қатысты заң күшейтілді. Қайталанатын қоңыраулар, хабарламалар, аңду, қорқыту әрекеттері үшін айыппұл, түзеу жұмыстары немесе қамау жазасы қарастырылған.
Осы жағдайға байланысты Анель Аманғалиева Алматы қалалық полиция департаментіне арыз түсірген. Полиция бұл дерек бойынша тексеру-тергеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Соңғы жаңалықтар