Таразда полицейлер ұсталған адамның «қалтасына есірткі салып жіберді» деген күдікке ілінді
Жамбыл облысында есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының екі қызметкеріне қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр, деп хабарлайды Politico.kz.
Halyqstan телеграм арнасының жазуынша, олар ұсталған азаматқа есірткі затын әдейі салып, кейін ақша бопсалады деген күдікке ілінген.
Тергеу нұсқасына сәйкес, биыл ақпан айында Г.М. мен А.Е. есімді полиция капитандары Тараз қаласындағы ойын клубтарының бірінің маңында Х.Д. есімді Өзбекстан азаматын ұстаған. Осыдан кейін олар күдіктінің киімінің қалтасына есірткі затын салып жіберіп, оны жауапкершілікке тартпау үшін 1,5 миллион теңге талап еткен деген болжам бар.
Тергеу материалдарына сәйкес, полицейлер аталған қаржының орнына «табылған» есірткіге қатысты ешқандай шара қолданбаймыз деп уәде берген.
Алайда ұсталған азамат ақша беруден бас тартқан. Осыдан кейін тәртіп сақшылары оған есірткінің қай жерде жатқанын көрсетіп, жедел-тергеу тобы келгенге дейін оны есірткі өткізгенін мойындауға мәжбүрледі деген мәлімет бар.
Бастапқыда Х.Д.-ға қатысты есірткі заттарын заңсыз өткізу фактісі бойынша қылмыстық іс тіркелген. Кейіннен құқық қорғау органдарының назары полицейлердің өз әрекеттеріне ауып, олардың іс-әрекетіне құқықтық баға беріле бастады.
Жуырда Тараз қаласы прокуратурасынан түскен материалдар Жамбыл облысы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің өндірісіне берілді. Тергеу Қылмыстық кодекстің 362-бабының 4-бөлігінің 3-тармағы («Билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану») бойынша жүргізілуде.
Айта кетейік, өткен жылдың наурыз айында дәл осы бап бойынша осы басқарманың басқа жедел уәкілдері кінәлі деп танылып, әрқайсысы жеті жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Сонымен қатар олар арнайы атақтарынан айырылып, өмір бойына белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан айырылған.
Соңғы жаңалықтар