Ташкентте Қарағандыдан барған 15 жас футболшы ауырып қалды

Ташкентте Қарағандыдан барған 15 жас футболшы ауырып қалды
Фото: instagram.com/denski_blog
ЖАЛҒАСЫ

Өзбекстан астанасы Ташкентте спорттық жарысқа барған қарағандылық 15 жас футболшы ауырып қалды. Балалардың ата-аналары бұған қонақүйдегі таңғы ас себеп болуы мүмкін деп күдіктенеді, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы блогер Денис Денски хабарлады. Оның мәліметінше, балалар мен ересектерде алғашқы белгілер 31 қазанда Ташкенттегі қонақүйлердің бірінде таңғы ас ішкеннен кейін байқалған.

Олардың іші ауырып, дене қызуы көтерілген. Бір тәулік ішінде 15 бала ауырып қалған.

Ата-аналардың айтуынша, таңғы ас кезінде жұмыртқа жемеген 8 футболшы ауырмаған. Сондықтан олар балалар тамақтан улануы мүмкін деп есептейді.

Кейін Денис Денски Ташкенттегі дәрігердің алдын ала «улану» диагнозын қойғанын хабарлады. Оның сөзінше, ата-аналар медицина қызметкерімен болған әңгімені видеоға түсіріп алған.

Алайда зертханалық талдау нәтижелері әлі дайын емес. Сондықтан балалардың нақты неден ауырғаны белгісіз.

Блогердің мәліметінше, жағдайға Қазақстанның консулы да араласқан.

Балалардың ата-аналары зерттеу нәтижелерін күтіп отыр. Олар оқиғаның жан-жақты тексеріліп, балаларға қажетті көмек көрсетілуін және аурудың себебі анықталуын талап етеді.

Politico.kz осы жағдайға қатысты түсініктеме алу үшін еліміздің Сыртқы істер министрлігіне сауал жолдады.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу