Тасмағамбетовтің күйеу баласы танымал футбол клубын сатып алып, басшылыққа келмек
Белгілі кәсіпкер Кеңес Рақышев «Тараз» футбол клубын сатып алып, басшылыққа келуі мүмкін. Бұл туралы журналист Болсынбек Дінмұхаммед жазды, деп хабарлайды Politico.kz.
Журналистің жазуынша, «Тараз» футбол клубында үлкен өзгеріс болуы мүмкін.
«Менің алған ақпаратыма сәйкес, қазіргі таңда Кенес Рақышевтің «Тараз» футбол клубына басшылыққа келуі мүмкін. Қазіргі таңда клубтың құжаттары бойынша келіссөздер жүріп жатыр. Жасыратыны жоқ, клубтың қазіргі жағдайы оңай емес. Бейресми мәліметтер бойынша, қарызы шамамен 700 миллион теңгеге жеткен. Оның үстіне команда қатарынан 5 матчта жеңіліс тауып, жанкүйерлердің наразылығын тудыруда. Соған қарамастан, клубтың басты мақсаты өзгерген жоқ — Қазақстан Премьер-лигасына қайта оралу», - деп жазды журналист.
Болсынбек Дінмұхаммедтің айтуынша, егер келіссөздер сәтті аяқталса, тарихы терең «Тараз» футбол клубын жаңа деңгейге көтеру, қаржылық жағдайын тұрақтандыру және дамыту бағытында ауқымды жұмыстар басталуы мүмкін.
«Әзірге бұл ақпарат ресми түрде жарияланған жоқ. Келіссөздердің қалай аяқталатынын алдағы уақытта көретін боламыз», - деп сөзін түйіндеді журналист.
Айта кетейік, танымал кәсіпкер, миллиардер Кеңес Рақышев – мемлекет қайраткері Иманғали Тасмағамбетовтің қызы Әсел Тасмағамбетованың жұбайы.
Соңғы жаңалықтар