Тексеріс жоқ: 2026 жылдан бастап кәсіпкерлерді қандай өзгерістер күтеді?

Үкімет шағын бизнеске арналған жаңа шараларды жариялады, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Астана. 16 қазан. Президенттің шұғыл тапсырмасынан кейін Үкімет шағын және орта бизнес үшін салықтық әкімшілендіруді жеңілдететін бірқатар ауқымды шараны жариялады. Енді кәсіпкерлер үшін салықтық тексерулер тоқтатылып, айыппұлдар мен өсімпұлдарды кешіретін рақымшылық жасалады.
Бұл туралы Қаржы министрі Мәди Тәкиев мәлімдеді. Оның айтуынша, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап микро және шағын бизнес үшін салықтық әкімшілендіру «таза парақтан» басталады. Бұл мынадай өзгерістерді білдіреді:
- Салықтық тексерулер тоқтатылады;
- Камералдық бақылау алынып тасталады;
- Салық органдарының сотқа кәсіпорынның тіркеуін немесе қайта тіркеуін жарамсыз деп тану туралы талап-арыз беруі тоқтатылады.
Салықтық рақымшылық жарияланды
Бұдан бөлек, кәсіпкерлер үшін салықтық рақымшылық жасалады. 2026 жылдың 1 сәуіріне дейін негізгі қарызын өтеген жағдайда, салықтар мен төлемдер бойынша есептелген барлық өсімпұлдар мен айыппұлдар толығымен кешіріледі.
Сондай-ақ, ҚҚС бойынша есепке қою шегінен асып кеткен салық төлеушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылмайды. Кәсіпкерлер үшін салық және әділет органдарында ешқандай тексерусіз, оңайлатылған тәртіппен есептен шығу науқаны да өткізілмек.
«Оңайлатылған декларация негізіндегі арнайы салық режимін қолдануға тыйым салынған қызмет түрлерінің тізімі де қысқартылып, онда тек 44 қызмет түрі қалады. Бұл жаңа Салық кодексін кезең-кезеңімен енгізуге және салық төлеушілер үшін салықтық әкімшілендіруді жеңілдетуге мүмкіндік береді», — деп атап өтті ҚР қаржы министрі.
Еске сала кетейік, бұл шаралардың барлығы бүгін таңертең Мемлекет басшысының Премьер-министр Олжас Бектеновке осы аптаның соңына дейін азаматтардың мүддесін ескере отырып, экономикалық реформалар бағдарламасын реттеуді тапсырғаннан кейін қабылданып отыр.
Соңғы жаңалықтар





