Терезе алдындағы ішімдік бөтелкелері үшін прокуратура қызметкерлері жазаланды
Абай облысында жұмыс орнында алкоголь бөтелкелері тұрғаны үшін прокуратура қызметкерлері тәртіптік жазаға тартылды, деп хабарлайды Politico.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Терезе алдындағы тақтайшада тұрған шыны бөтелкелерді көрген тұрғындар бұл көріністі видеоға түсіріп, әлеуметтік желілерге жариялаған.
Терезе алдында тұрған бөтелкелер кейін ауқымды тексерістің жүргізілуіне себеп болды.
Прокуратура қызметкерлерінің бөтелкелерді не себепті дәл сол жерге қойғаны белгісіз күйінде қалды. Сондай-ақ олардың ішінде алкогольдік сусын болған-болмағаны да ресми түрде нақтыланбады.
Әлеуметтік желі қолданушыларының бір бөлігі бұл жағдайға әзілмен қарап, «прокурорлар да адам ғой, мүмкін ішімдікті жай ғана салқындату үшін қойған шығар» деген пікір қалдырды. Ал басқа пайдаланушылар мұндай көрініс қадағалау органының қызметкерлеріне лайық емес екенін айтып, сын білдірді.
Прокуратура мәліметінше, тексеріс нәтижесінде екі қызметкер анықталып, оларға тәртіптік жаза тағайындалған. Осы оқиғадан кейін мекемедегі өткізу режимі күшейтіліп, ұжым арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Алайда ішімдікке қатысы бар қызметкерлердің нақты лауазымдары жарияланған жоқ, себебі бұл мәлімет қызметтік ақпаратқа жатады.
Сондай-ақ ведомство жеке еңбек шартымен жұмыс істейтін маман мен оның тікелей басшысы тәртіптік жауапкершілікке тартылып, сөгіс алғанын хабарлады. Ал жұмыс орнында алкогольдік ішімдік ішу фактісі ресми түрде расталмаған.
Соңғы жаңалықтар