Тимур Құлыбаевтың компаниясы бір жылда қанша табыс тапты
Тимур Құлыбаевтың бақылауындағы "Кристалл Менеджмент" мұнай және энергетика компаниясы 2025 жылды табысты қорытындылады, деп хабарлайды Politico.kz Forbes Kazakhstan-ға сілтеме жасап.
KASE қор биржасының ресми деректеріне сәйкес, кәсіпорын бір жыл бұрынғы 576 млн теңге шығынның орнын толтырып, 3,78 млрд теңге таза пайдаға кенелген.
Табыстың бұлай еселенуіне жалпы түсімнің 44,5 пайызға өсіп, 16,5 млрд теңгеге жетуі тікелей себеп болды. Сонымен қатар компания активтерді қайта бағалау нәтижесінде 11,8 млрд теңге көлемінде қосымша кіріс көрген.
Қаржылық есепке сүйенсек, түсімнің 74 пайызы электр энергиясын сатудан түскен. Ал мұнай өндіру көлемі керісінше 36 пайызға құлдырап, қара алтыннан түсетін табыс екі есеге қысқарған.
Биылғы жылдың сәуір айындағы жағдай бойынша кәсіпорын акциясының 51 пайызы Тимур Құлыбаевқа тиесілі Joint Resources компаниясының иелігінде. Бұдан бөлек үлескерлер қатарында EuroAsia Construction және "Позитив-А" компаниялары бар.
Компанияның активтері бір жылда 80,2 млрд теңгеге ұлғайса, несиелердің артуына байланысты міндеттемелер де 43,9 млрд теңгеге дейін өскен.
Қазіргі таңда "Кристалл Менеджмент" Қызылорда облысындағы Ақшабұлақ кен орнында орналасқан қуатты электр станциясын басқарады. Одан бөлек кәсіпорын Қызылорда, Ақтөбе және Қарағанды облыстарындағы бірнеше мұнай-газ кен орындарында жұмыс жүргізеді.
Соңғы жаңалықтар