Тіс емдетуге барған үш жасар қыз комаға түсті, жағдайы ауыр: Павлодардағы стоматологияда не болған?

Тіс емдетуге барған үш жасар қыз комаға түсті, жағдайы ауыр: Павлодардағы стоматологияда не болған?
Фото: ашық дереккөз

Павлодардағы жекеменшік стоматологияға барғаннан соң есінен танып, комаға түскен 3 жастағы қыздың жағдайы өте ауыр. Бір аптадан астам уақыт жансақтау бөлімінде жатқан кішкентай пациенттің өмірі үшін ақ халаттылар барын салуда. Бұл туралы Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасы мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.

Қайғылы оқиға 21 қазанда болған. Тісін емдетуге барған бүлдіршіннің денсаулығы кенеттен нашарлап, ес-түссіз қалған. Жақындарының айтуынша, науқастың жүрегі алдымен жедел жәрдем көлігінде, кейін аурухана ішінде екі рет тоқтап қалған. Қазір мамандар жағдайдың нақты себебін зерттеп жатыр.

Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ермек Кучуковтің сөзінше, бала бұл клиникаға үшінші рет барған. Алдыңғы қабылдауларда тіске дәрі қойылып, уақытша пломба салынған болса, бұл жолы тұрақты пломба қою көзделген еді.

«21 қазандағы қабылдауда балаға ешқандай екпе жасалмаған, жансыздандыратын дәрі де қолданылмаған. Бүлдіршіннің халі нашарлаған сәтте жедел жәрдем шақырылып, шокқа қарсы көмек көрсететін мамандандырылған бригада оны облыстық балалар ауруханасына жеткізді», – деп нақтылады Ермек Кучуков.

Науқас қабылдау бөлмесінде кідірместен, тікелей реанимацияға жатқызылды. Қазір ол өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған, комада жатыр. Дәрігерлер оның жағдайын өте ауыр деп бағалап отыр.

Баланы аман алып қалу үшін жергілікті дәрігерлер Астанадағы Ұлттық ғылыми ана мен бала орталығы және Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығының мамандарымен күн сайын байланысқа шығып, кеңесіп отыр. Сондай-ақ Алматыдан келген республиканың бас штаттан тыс балалар анестезиолог-реаниматологы тексеру жүргізді. Күнделікті консилиум өткізіліп, емдеу хаттамасы науқастың ахуалына қарай жасалуда.

Клиникада жоспардан тыс тексеру басталды

Басқарма басшысының айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырмасы бойынша Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің өңірлік департаменті арнайы тексеруді бастады. Сонымен қатар басқарма тарапынан ішкі қызметтік тергеу жүріп жатыр.

«Біз оқиғаны егжей-тегжейлі тексеріп жатырмыз. Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырмасымен емдеу барысының сапасы мен заңдылығы жіті бақылауға алынды. Құқық қорғау органдары клиниканың бейнебақылау жазбаларын тәркіледі. Медицина қызметкерлерінің іс-әрекетіне немесе әрекетсіздігіне құқықтық баға беріледі», — деді ведомство басшысы.

Мәселені Павлодар облысының бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілі Мәдина Жұмадиева да жеке бақылауына алды. Оның мәліметінше, қыз бала стоматологияда анасымен бірге болған және барлық емдік шара аяқталған соң ғана есінен танған. Дәрігерлер алғашқы көмекті естен тану хаттамасы бойынша көрсеткен.

Зардап шеккен бүлдіршіннің ата-анасы тиісті бақылау комитеті мен полицияға ресми арыз жолдады. Ал стоматологиялық клиника басшылығы барлық процедуралардың бекітілген стандарттарға сай орындалғанын мәлімдеп, ресми сараптама нәтижесі шыққанға дейін біржақты кінә тағуға болмайтынын алға тартты. Оқиғаның нақты себебі тексеру қорытындысынан кейін белгілі болады.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу