Алматыда әйелін аяусыз өлтірді деп айыпталған бұрынғы полицейге 18 жыл жаза сұралды

Алматыда әйелін аяусыз өлтірді деп айыпталған бұрынғы полицейге 18 жыл жаза сұралды
Фото: видеодан кадр

Алматы қаласында 34 жастағы келіншекті аса қатыгездікпен өлтіру фактісі бойынша сот процесі аяқталуға жақын. Орындықта марқұмның 39 жастағы азаматтық күйеуі, бұрынғы полиция қызметкері отыр. Сотта өткен жарыссөзде мемлекеттік айыптаушы оған 18 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады, деп хабарлайды Politico.kz.

«Соттан сотталушыны қылмыстық құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған жазасын қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеумен 18 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраймын», — деді мемлекеттік айыптаушы Бейсенбек Жүніс.

Қоғамды дүр сілкіндірген ауыр қылмыс осыдан бір жарым жыл бұрын болған. Тергеу деректеріне сүйенсек, ерлі-зайыптының арасындағы жанжал соңы пышақтасуға ұласқан. Жәбірленуші тараптың мәліметінше, ер адам өз жұбайына балаларының көз алдында 39 жерден пышақ сұққан. Марқұм келіншек Ұзынағаш ауылындағы балабақшалардың бірінде меңгеруші қызметін атқарған. Ал күдікті Алматы облыстық полиция департаментінде жұмыс істеген, бірақ кейін теріс себептермен қызметінен қуылған. Ерлі-зайыптының артында үш баласы қалды.

Сотта қорғаушы тарап қылмыстың «аффект жағдайында» жасалғанын алға тартып, істі жеңілдеу бапқа қайта саралауды сұрауда. Алайда марқұмның туыстары айыпталушының өз іс-әрекетіне толықтай жауап бере алатын күйде болғанына сенімді.

«Біз оның аффект күйінде болғанын көріп тұрған жоқпыз, ол өз ісіне толық есеп берген. Сотталушының тұлғасына мән беру қажет: ол 15 жыл бойы полицияда қызмет атқарды, бірнеше мәрте тексерулерден өткен адам. Күнде осындай жағдайлармен бетпе-бет келіп, шақыртуларға баратын. Мұндай отбасылық-тұрмыстық жанжалдар олардың арасында бұған дейін де жиі болып тұрған», — деді жәбірленушілердің адвокаты Мейірман Шекеев.

Марқұмның анасы бұрынғы күйеубаласына ең қатаң үкім шығаруды талап етуде. Сондай-ақ жәбірленуші тарап айыпталушыдан 100 миллион теңге моральдық өтемақы өндіріп беруді өтінді.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу