Тоқаев әлеуметтік қолдаудың шын мұқтаж жандарға жетуін бақылауды күшейтуді тапсырды

09.02.2026 12:18 Әсел Мұрат
Тоқаев әлеуметтік қолдаудың шын мұқтаж жандарға жетуін бақылауды күшейтуді тапсырды
183
Фото: Ақорда. Суретте: Асқарбек Ертаев пен Қасым-Жомарт Тоқаев

Мемлекет басшысы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевты қабылдады, деп хабарлайды Politico.kz.

Министр президентке ведомство қызметінің биылғы басым бағыттары жөнінде баяндады.

Асқарбек Ертаевтың айтуынша, уақытша шаралардан гөрі тұрақты және сапалы жұмыс орындарын ашу, еңбек ұтқырлығын арттыру және білім беру жүйесі мен нарық сұранысы арасында тығыз байланыс орнату жоспарланып отыр. Жастарды, соның ішінде NEET санатындағы азаматтарды жұмыспен қамтуға баса мән беріледі.

Министр атаулы әлеуметтік көмек жүйесін одан әрі жетілдіру жоспарын таныстырды. 

Министрлік цифрлық бағалау құралдары арқылы қолдау шараларының нақты адресіне жету мүмкіндігін кеңейтуге ниетті. Сонымен қатар көмек алатын әрі еңбекке жарамды азаматтарды міндетті түрде жұмыспен қамти отырып, әлеуметтік келісімшарт тәжірибесін кеңейтуді көздеп отыр.

Министр мүгедектігі бар тұлғаларды әлеуметтік тұрғыдан қорғау мәселелеріне баса назар аударды. Министрлік арнаулы әлеуметтік қызметтерді жан басына қарай қаржыландыру тетігін одан әрі дамытуды, олардың сапа стандарттарын арттыруды, оңалту қызметтері мен техникалық құралдарды қолжетімді етуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар инклюзивті жұмыс орындарын ашуға ден қояды. 
Ол президентке көші-қон саясатының 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспары жайында ақпарат берді. 

Көші-қон үдерісін басқару және болжау деңгейін жақсарту, ішкі миграцияны теңгерімді жүргізу, елдегі еңбек нарығын қорғауға басымдық бере отырып, еңбек көші-қонын реттеуді жетілдіру көзделген.

Мемлекет басшысы халықты жұмыспен қамту, азаматтардың табысын ұлғайту, әлеуметтік қолдаудың шын мұқтаж жандарға жетуін бақылауды күшейту, зейнетақы жүйесін жетілдіру, теңгерімді көші-қон саясатын іске асыру, әлеуметтік қорғауда инклюзивті тәсілдерді дамыту, сондай-ақ цифрлық шешімдерді қолдану арқылы еңбекті қорғау жүйесін нығайту және қауіп-қатерлердің алдын алу бойынша бірқатар тапсырма берді.

Айта кетейік, бұған дейін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова қызметінен босатылып, оның орнына Асқарбек Ертаев тағайындалғаны хабарланған еді.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться



Войдите, чтобы оставить комментарий