Тоқаев Astana LRT жұмысын ресми түрде іске қосты (ВИДЕО)
Астанада жеңіл рельсті көлік жүйесі – LRT ресми түрде іске қосылды, деп хабарлайды Politico.kz.
Жобаның жұмысымен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев танысты. Мемлекет басшысы елордадағы қоғамдық көлік қозғалысын бақылайтын Бірыңғай диспетчерлік орталыққа барып, LRT жүйесінің жұмысын көрді. Астана әкімі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, жоба аясында жеңіл рельсті көлікке арналған арнайы диспетчерлік қызмет құрылған.
Қазіргі таңда қоғамдық көлік қозғалысын бақылау мен реттеуге 21 маман тартылған. Әрбір LRT пойызы 600-ден астам жолаушыны тасымалдауға арналған.
Ұзындығы 22,4 шақырым болатын желіде 15 пойыз қатынайды, оның төртеуі резервте болады. Пойыздар жүргізушісіз, толық автоматтандырылған режимде қозғалады. Жүйеде қозғалысты басқару, жылдамдықты реттеу, тежеу, есіктерді ашу және төтенше жағдай кезіндегі әрекеттердің барлығы автоматты түрде іске асады. Сонымен қатар қауіпсіздік үшін қолмен басқару мүмкіндігі де сақталған.
LRT инфрақұрылымына 18 станция мен заманауи депо кіреді. Барлық бағыт бойынша жол жүру уақыты шамамен 40 минутты құрайды. Пойыздардың орташа жылдамдығы сағатына 50–60 шақырым болса, қозғалыс аралығы 5–6 минут болады.
Сапар барысында Президентке 001 сериялы алғашқы жол жүру картасы табысталды. Осыдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқы жолаушы ретінде “Әуежай” станциясынан “Ұлттық музей” станциясына дейін жүріп өтті.
Соңғы жаңалықтар