Тоқаев Елена Рыбакинаны III дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады

28.09.2026 • 13:16 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Тоқаев Елена Рыбакинаны III дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады
211
Фото: Ақорда

Елена Рыбакина спорттағы жетістіктері және Қазақстанда теннисті дамыту мен насихаттауға қосқан үлесі үшін III дәрежелі «Барыс» орденін алды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев теннисшімен кездесіп, оны АҚШ ашық чемпионатындағы жеңісімен және әлемнің бірінші ракеткасы атануымен құттықтады, деп хабарлайды Politico.kz.

Тоқаев Рыбакинаның табысы балалардың тенниске қызығушылығын арттырып, секцияларға баруына ықпал етіп отырғанын айтты.

«Олар да чемпион болғысы келеді. Жас өрендерге өнеге көрсетіп отырсыз. Бұл өте оң үрдіс. Өскелең ұрпақты спортқа баулу керек, өйткені бұл олардың келешегі үшін өте маңызды», деді Президент.

Мемлекет басшысы теннисшінің үш «Үлкен дулыға» турниріндегі жеңісі теннис тарихында қалатынын айтып, алда да табысқа жететініне сенім білдірді. Сонымен қатар оның корттағы және көпшілік алдындағы мінезіне тоқталды.

«Сіз кортта да, жұртшылық ортасында да байыптылығыңызды байқатасыз. Ішкі мәдениетіңіз жоғары екенін үнемі айтып жүремін», деді Тоқаев.

Президент мұның Қазақстанды спортқа, әсіресе тенниске қолдау көрсететін өркениетті әрі дамыған ел ретінде таныту үшін маңызды екенін атап өтті.

Рыбакина тұрақты қолдауы және елдегі теннистің дамуына көңіл бөлгені үшін Президентке алғыс айтты. Ол Қазақстан атынан өнер көрсетуді мақтан тұтатынын жеткізіп, жанкүйерлерін жаңа жеңістермен қуантуға ниетті екенін мәлімдеді.

Войдите, чтобы оставить комментарий