Тоқаев ерлердің сәлемдесу мәдениеті мен қоғамдағы жаңа этика туралы айтты

24.08.2026 19:03 Қарақат АСЫЛОВА
Тоқаев ерлердің сәлемдесу мәдениеті мен қоғамдағы жаңа этика туралы айтты
74

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Құрылтайының депутаттарын сайлау кезінде дауыс беріп, қоғамдық әдеп пен азаматтардың мінез-құлқына қатысты маңызды мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Politico.kz.

«Казахстанская правда» басылымының тілшісі Юлия Магердің сұрағына жауап берген президент бұл бағыттағы жұмыстар бір реттік науқан еместігін алға тартты.

Оның сөзінше, жастар ғана емес, аға буын өкілдері де ұлттық дәстүрге сай ұстамдылық пен әдепті қайта жаңғыртуы қажет.

Мемлекет басшысы адамдар арасындағы қарым-қатынас мәдениетіне, соның ішінде ер азаматтардың сәлемдесуіне арнайы тоқталды. Қазақ қоғамында еркектердің шамадан тыс құшақтасып, сүйісіп амандасуы қалыпты жағдай болмағанын еске салып, әсіресе әскери ортада өзін ұстау нормаларына ерекше мән берілуі керектігін жеткізді.

«Еркектер қолының ұшын ұстата салмай, қолды қаттырақ қысып амандасуы керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қоғамдағы тәртіпті тек заңмен орнату мүмкін емес екенін айтқан ол жаңа мінез-құлық мәдениетін қалыптастыруды өзінен бастағанын мәлімдеді. Бұл ретте адамның ішкі мәдениеті мен өзгелердің жеке шекарасын құрметтеуі үлкен рөл атқарады.

«Өйткені тазалық дегенді тура мағынасында ғана емес, ой-сананың, жан дүниенің тазалығы деп түсінген жөн. Белгілі тұлғалардың бірі айтқандай, ой тазалығы бой тазалығымен де ұштасқаны жөн. Яғни біз мәдениетті, таза ұлтқа айналуымыз керек. Сонда ғана күллі әлемге таныламыз», – деді мемлекет басшысы.

Президенттің пайымдауынша, заңды құрметтеу, тәртіп сақтау және қоғамдық ортада өзін дұрыс ұстау әр азаматтың күнделікті әдетіне айналуы тиіс. Елдің мәдениеті жалаң ұрандармен емес, адамдардың нақты іс-әрекетімен өлшенетіні нақтыланды.

Войдите, чтобы оставить комментарий