Тоқаев Еуразиялық экономикалық форумда сөз сөйледі

28.05.2026 21:37 Қарақат АСЫЛОВА
Тоқаев Еуразиялық экономикалық форумда сөз сөйледі
235
Фото: Ақорда
Тоқаев ЕАЭО елдерін бірлесіп әрекет етуге шақырды

Астанада V Еуразиялық экономикалық форум басталды, деп хабарлайды Politico.kz.

Биыл халықаралық пікірталас алаңында «Жаһандық цифрлық бәсекедегі ЕАЭО: жасанды интеллектке басымдық беру» тақырыбы талқылануда.

Форумға қатысу үшін елордаға Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің басшылары мен ресми делегациялар келді. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары мәртебелі қонақтарды қарсы алып, форум жұмысына сәттілік тіледі.

Іс-шараға Ресей президенті Владимир Путин, Беларусь президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Армения премьер-министрінің орынбасары Мгер Григорян, Куба вице-президенті Сальвадор Вальдес Меса, Вьетнам премьер-министрінің орынбасары Хо Куок Зунг, Моңғолия премьер-министрінің орынбасары Нямтайширын Нормтойбаяр, ЕЭК алқасының төрағасы Бақытжан Сағынтаев және өзге де ресми тұлғалар қатысуда.

Пленарлық отырыста сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаев ЕАЭО-ның тек өңірлік интеграциялық бірлестік емес, жаһандық экономикадағы маңызды субъект екенін атап өтті. Президенттің айтуынша, Еуразиялық экономикалық форум бүгінде еуразиялық интеграцияның өзекті мәселелерін талқылайтын тиімді алаңға айналған.

– ЕАЭО-ны одан әрі дамыту және оның әлеуетін күшейту – біздің алдымыздағы стратегиялық маңызды міндет. Әлемдік экономикадағы өзгерістер мен цифрлық трансформация жаңа сын-қатерлер туындатып отыр. Сондықтан елдердің бірлескен әрі үйлестірілген әрекеті аса қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Тоқаев қазіргі таңда әлемдік нарықтағы жағдайдың күрделі әрі болжап болмайтын сипатқа ие екенін айтты. Оның сөзінше, дәстүрлі экономикалық қиындықтарға ауқымды цифрлық өзгерістер қосылып, болашақта жаһандық «ойын ережелерін» түбегейлі өзгертпек. Осыған байланысты форумның жасанды интеллект тақырыбына арналуы ерекше маңызға ие екені атап өтілді.

Форум аясында цифрлық экономика, инновациялар, технологиялық қауіпсіздік және ЕАЭО кеңістігіндегі ынтымақтастықты нығайту мәселелері қарастырылады.

Войдите, чтобы оставить комментарий