Тоқаев Euronews басылымында Қазақстан мен Еуроодақ байланысы туралы мақала жариялады

22.06.2026 15:43 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Тоқаев Euronews басылымында Қазақстан мен Еуроодақ байланысы туралы мақала жариялады
228
Фото: depositphotos.com

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Брюссельге ресми сапары аясында беделді Euronews басылымында арнайы мақала жариялап, Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы стратегиялық ынтымақтастықтың келесі кезеңін қалыптастырудың негізгі бағыттарын айқындап берді, деп хабарлайды Politico.kz.

2015 жылы Кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылғаннан бері он жылға жуық уақыт өтті. Бүгінгі таңда Еуропалық Одақ еліміздің ең ірі сауда және инвестициялық серіктесіне айналып үлгерді. Қазақстан аумағында мыңдаған еуропалық компания табысты жұмыс істеп, отандық экономиканы жаңғыртуға әрі әртараптандыруға сүбелі үлес қосып келеді.

«Мен Брюссельге ашық ниетпен және айқын сеніммен оралып отырмын, Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы серіктестік бүгінде бұрынғыдан да маңыздырақ», - деді Қазақстан Республикасының Президенті.

Ол осы байланыстарды одан әрі дамытудың кезек күттірмес қажеттілік екенін түсіндіре келе, ойын былайша сабақтады: «Дәл осы себепті оны күшейту қажет».

Президент Қазақстан мен Еуропалық Одақ ынтымақтастығының жаңа тарауы екі тарапқа да ортақ стратегиялық мақсаттарға бағытталуы тиіс екенін алға тартты. Олардың қатарына төзімділікті арттыру, барлық саладағы байланыстарды кеңейту және азаматтар үшін тың мүмкіндіктер жасау кіреді. Мұндай қадамдар әлемдегі геосаяси жағдайдың өзгеруіне, жаһандық жеткізу тізбектерінің осалдығына және сауда-экономикалық тәуелділіктің ұлттық қауіпсіздік мәселелеріне ұласуына байланысты туындап отыр.

Қазіргі таңда еліміздің экономикалық қуаты артып келеді. 2025 жылы ел экономикасы 6.5%-ға өсіп, ішкі жалпы өнім $306 млрд көрсеткішіне жетті. Халықаралық валюта қорының болжамына сәйкес, бұл сан 2026 жылы $360 млрд көлемінен асып түспек. Бұған қоса, энергетикалық қауіпсіздік саласында Қазақстан Еуропалық Одаққа мұнай импортының 13%-ға жуығын және табиғи уранның 16%-ын тасымалдап отыр.

«Энергетикалық қауіпсіздік - өзара сеніміміздің, артқан төзімділігіміздің және құбылмалы әлемде міндеттемелерді орындау қабілетіміздің айқын мысалы», - деді Мемлекет басшысы. Ол осындай табысты тәжірибені ауыл шаруашылығы саласына да енгізуге болатынын ескертіп, сөзін жалғастырды: «Азық-түлік қауіпсіздігі жаһандық деңгейдегі өзекті стратегиялық мәселеге айналуда, ал Қазақстан әлемдегі негізгі астық өндірушілер мен экспорттаушылардың бірі ретінде әртараптандыруды қажет ететін еуропалық нарықтар үшін зор әлеуетке ие».

Ел басшылығы тауарларды тасымалдаумен қатар, Еуропа нарығын Орталық Азия ресурстарымен байланыстыратын Орта дәлізді дамытуға баса назар аударып отыр. Бұл стратегиялық бағыт Еуропалық Одақтың «Жаһандық қақпа» бастамасымен толықтай үйлеседі. Сонымен қатар, жасанды интеллект, цифрлық басқару және инновациялық экожүйелерді дамыту ісі де басты назарға алынған. Визалық режимді жеңілдету, студенттер мен зерттеушілердің академиялық ұтқырлығын арттыру бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылуда.

«Біздің жаңа конституциямыз - тәуелсіздік алғаннан бергі алғашқы ірі жаңғыру», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Еліміздегі саяси және экономикалық реформалардың маңыздылығын атап өткен ол бұл бастамалардың мәнін былайша тарқатты: «Ол институттардың тиімділігін "Күшті Президент, ықпалды Парламент және есеп беретін Үкімет" формуласы аясында арттыруға бағытталған кешенді реформалар жиынтығын нығайтады».

Еске сала кетейік, Қазақстан Президентінің Брюссельге ресми сапары 22 және 23 маусым күндеріне жалғасады. Сапар аясында Еуропалық кеңес төрағасы Антониу Коштамен, Еуропалық комиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйенмен және Бельгия премьер-министрі Барт Де Вевермен келіссөздер жүргізу жоспарланған. Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев ірі еуропалық компания басшыларының қатысуымен өтетін «Қазақстан - ЕО» дөңгелек үстелінде сөз сөйлеп, бірқатар екіжақты кездесулер өткізеді.

Войдите, чтобы оставить комментарий