Тоқаев халық жазушысы Марфуға Айтхожаны мерейтойымен құттықтады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көрнекті ақын әрі қоғам қайраткері Марфуға Айтхожаны 90 жасқа толған мерейтойымен құттықтады, деп хабарлайды Politico.kz.
Мемлекет басшысы халық құрметіне бөленген дарын иесіне арнайы жеделхат жолдады. Жеделхатта ақынның ұлттық әдебиет пен мәдениетті дамытуға қосқан үлесі ерекше аталған.
Тоқаев оның қазақ поэзиясының өрісін кеңейтуге арнаған ғибратты ғұмырын жоғары бағалады.
«Қазақтың дархан даласы мен тамыры терең тарихын, ұлтымыздың ынтымақ-бірлігі мен салт-дәстүрін өршіл де сыршыл өлеңдеріңізге арқау еттіңіз. Оқырман қауым жырларыңызды сүйсініп оқиды және өзіңізді «Қазақтың жыр Аққуы» деп ардақтайды. Алдағы уақытта да өнегелі өміріңізбен өскелең ұрпаққа үлгі болып, ел-жұрттың ортасында сый-құрметке бөлене беруіңізге тілектестігімді білдіремін», – делінген құттықтауда.
Қазақстанның халық жазушысы Марфуға Ғалиқызы 1936 жылы 25 тамызда Қытайдың Шыңжаң өлкесіндегі Құлжа қаласында дүниеге келген. Ол көптеген танымал өлеңдер жазған. Ақын Қазақстанның мемлекеттік сыйлығын алған. Сонымен қатар 2009 жылы оған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағы берілген.
Соңғы жаңалықтар