Тоқаев Қостанай халқына маңызды үндеу жасады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанай облысының құрылғанына 90 жыл толуына арналған салтанатты іс-шараға қатысушыларға құттықтау жолдады, деп хабарлайды Politico.kz.
Мемлекет басшысы өз құттықтауында Қостанайды ырысы мол, бірлігі бекем, ел дамуына елеулі үлес қосып келе жатқан қасиетті өңір деп атап өтті. Президенттің айтуынша, облыс осы жылдар ішінде қарқынды дамып, еліміздің басты астықты аймақтарының біріне айналған.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанай жерінен қазақ халқының көрнекті ағартушылары мен қаламгерлері – Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынұлы, Бейімбет Майлин секілді тарихи тұлғалар шыққанын атап өтіп, олардың ұлт руханиятына қосқан үлесін ерекше бағалады.
Президент қазіргі таңда өңір экономикасының тұрақты өсіп келе жатқанын айтып, бұл жетістіктердің тұрғындардың адал еңбегінің нәтижесі екенін жеткізді. Сонымен қатар облыс халқының елдегі маңызды қоғамдық-саяси бастамаларға белсенді қатысатынын атап өтті.
Құттықтау соңында Мемлекет басшысы Қостанай облысының дамуына үлес қосып жүрген барлық азаматқа алғыс айтып, тұрғындарға зор денсаулық, бақ-береке және өңірдің одан әрі гүлденуін тіледі.
Соңғы жаңалықтар