Тоқаев Құрылтай депутаттарының қандай өкілеттігі болатынын айтты

28.08.2026 11:57 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Тоқаев Құрылтай депутаттарының қандай өкілеттігі болатынын айтты
219
Фото: t.me/quryltairesmi

Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтайдың алғашқы сессиясында заң шығарушы органның жаңа құзыретін жариялап, оның төрағалығына Айбек Дәдебайды ұсынды, деп хабарлайды Politico.kz.

Мемлекет басшысы жаңа құрылымның билік жүйесін қалыптастырудағы маңызды рөліне тоқталды. Ол бұл қадам басқару жүйесіндегі іргелі өзгерістерге жол ашатынын жеткізді. Президент өз баяндамасында депутаттардың нақты қандай өкілеттіктерге ие болғанын егжей-тегжейлі атап өтті.

«Құрылтай жұмысының басталуы мемлекеттік басқару жүйесіндегі іргелі институционалдық өзгерістерге жол ашады. Себебі Құрылтай билік жүйесін қалыптастыру ісінде маңызды рөл атқарады. Атап айтқанда, Конституциялық сот судьялары мен Орталық сайлау комиссиясының мүшелері Құрылтайдың келісімімен тағайындалады. Жоғары аудиторлық палатаның мүшелері де осы тәртіппен бекітіледі. Депутаттар Президенттің ұсынуы бойынша Жоғарғы сот судьяларын сайлайды. Сонымен қатар оларды қызметінен босата алады. Құрылтайға Конституциялық сот пен Жоғарғы сот судьяларын құқықтық иммунитеттен айыру құзыреті берілген. Бұл ереже депутаттарға да қатысты қолданылады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жиын барысында Мемлекет басшысы заң шығарушы органның бақылау функциялары қалай күшейгенін де түсіндірді.

«Құрылтай Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның республикалық бюджет туралы есептерін бекітеді. Сондай-ақ Конституциялық соттың жыл сайынғы жолдауын тыңдайды. Бұдан бөлек, депутаттар Үкіметке сенімсіздік білдіруге толық құқылы. Олар Президентке Үкіметтің жекелеген мүшелерін қызметтен босату туралы ұсыныс бере алады. Бір сөзбен, Құрылтайға атқарушы және сот билігін қалыптастыру құзыреті берілді. Олар ел тағдырын айқындайтын стратегиялық маңызы бар мәселелерді шешеді. Біз, осылайша, заң шығарушы органның ықпалын едәуір күшейттік. Бұл – билік тармақтары арасындағы өзара теңгерім жүйесі нығая түседі деген сөз. Жалпы, мемлекеттік және қоғамдық институттарды жүйелі түрде жаңғырту жұмысы жыл соңына дейін жалғасады. Енді мен Құрылтайдың алдында тұрған бірқатар маңызды міндеттерге тоқталып өтейін», – деді Президент.

Сонымен қатар осы сессия аясында маңызды кадрлық мәселе қаралды. Мемлекет басшысы жаңадан құрылған Құрылтай төрағасы лауазымына Айбек Арқабайұлы Дәдебайдың кандидатурасын ұсынды.

Войдите, чтобы оставить комментарий