Тоқаев тапсырған Арқалық әуежайы дайын болды

21.08.2026 17:23 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Тоқаев тапсырған Арқалық әуежайы дайын болды
170
Фото: instagram.com/qumaraqsaqalov

Қостанай облысының Арқалық қаласында әуежай құрылысы толық аяқталып, ұшақтарды қабылдауға дайын, деп хабарлайды Politico.kz.

Өңір әкімі Құмар Ақсақаловтың хабарлауынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес салынған нысанның барлық сертификаттау рәсімдері сәтті өткен.

Мәселен, 3 тамызда әуежай авиациялық қауіпсіздік қызметінің 8/26 нөмірлі сертификатын алды. Одан кейін 18 тамызда «Қазаэронавигация» РМК аэронавигациялық қызметтерді жеткізуші ретінде 21 нөмірлі құжатты берді. Ал 21 тамызда аэродромның жарамдылығын растайтын АРД сериялы арнайы сертификат табысталды. Оның нөмірі KZ01VKC00000389 деп көрсетілген. Қазіргі уақытта әуежай CRJ200 үлгісіндегі өңірлік жолаушылар ұшақтарына қызмет көрсетуге толық қабілетті.

Жаңа бағыттар бойынша өткізілген байқауда «SCAT» әуе компаниясы» АҚ жеңімпаз атанды. Жоспарға сәйкес 22 тамызда әуежай алғашқы ұшақты қабылдайды. Ал 1 қыркүйектен бастап тұрақты рейстер орындала бастайды. Ұшақтар әр аптаның сейсенбі және сенбі күндері қатынайды.

Сейсенбідегі кестеге сәйкес ұшақ Алматыдан Арқалыққа таңғы 08.50-де шығып, 10.50-де жетеді. Одан әрі Арқалықтан Қостанайға 11.50-де ұшып, 12.40-та қонады. Қостанайдан кері қарай 13.40-та шығып, Арқалыққа 14.30-да барады. Түстен кейін 15.30-да Арқалықтан Астанаға бет алып, елордаға 16.20-да жетеді. Астанадан Арқалыққа 17.50-де шығып, 18.40-та қонады. Ал кешкі 19.40-та Алматыға ұшып, 21.35-те сапарын тамамдайды.

Сенбі күнгі кесте бойынша Алматыдан Арқалыққа ұшу 08.40-та басталып, 10.40-та аяқталады. Арқалықтан Қостанайға 11.40-та ұшып, 12.30-да жетеді. Қостанайдан Арқалыққа қайту 13.30-да басталып, 14.20-да қонады. Арқалықтан Астанаға бағыт алған рейс 15.15-те ұшып, 16.05-те жетеді. Астанадан Арқалыққа 17.35-те шығып, 18.25-те келеді. Ал Арқалықтан Алматыға қайтар жол 19.25-те басталып, 21.15-те аяқталады.

«Арқалық әуежайының қайта іске қосылуы Торғай өңірінің көлік қолжетімділігін арттырады. Бұл елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа мүмкіндік беретін маңызды қадам. Құтты болсын», – деді Құмар Ақсақалов.

Бұл жобаның тарихы 2024 жылдың басынан бастау алады. Сол кезде Қостанай облысының әкімдігі Арқалықтағы әуежай жұмысын қайта жандандыру мәселесін қарастырған болатын. Көлік министрлігі Қазақстанда төрт жаңа әуежай салынатынын, оның ішінде Арқалық та бар екенін хабарлаған еді. Жыл соңында әкімдік әуежайды толықтай сатып алды.

Кейін 2025 жылдың наурызында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың IV отырысында сөз сөйледі. Мемлекет басшысы Арқалықтағы әуежайды қалпына келтіріп, жаңа аэровокзал салған жөн екенін айтқан еді.

Войдите, чтобы оставить комментарий