Тоқаев Трампты Қазақстанға шақырды

10.07.2026 20:00 Қарақат АСЫЛОВА
Тоқаев Трампты Қазақстанға шақырды
164
Фото: Ақорда
Тоқаев Трампқа ресми шақырту жолдады

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Америка Құрама Штаттарының Президенті Дональд Трамппен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды Politico.kz.

Әңгіме барысында Мемлекет басшысы Дональд Трампты АҚШ тәуелсіздігінің 250 жылдығымен құттықтап, қысқа тарихи кезең ішінде елдің әлемдегі жетекші державалардың біріне айналғанын атап өтті. Сондай-ақ Тоқаев АҚШ әкімшілігінің ішкі саяси бағыты Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан «Заң мен тәртіп» қағидатына негізделген Әділетті Қазақстан құру стратегиясымен үндес екенін айтып, Трамптың жүргізіп отырған саясатын қолдайтынын жеткізді.

Тараптар телефон арқылы сөйлесу кезінде Қазақстан мен АҚШ арасындағы экономикалық және саяси ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен оны одан әрі дамыту мәселелерін талқылады. Президент былтыр қарашада Вашингтонға жасаған сапары барысында қол жеткізілген келісімдердің табысты жүзеге асып жатқанын айтты.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның ядролық қаруды және байытылған уранды таратпау жөніндегі ұстанымы өзгермейтінін растады. Ол халықаралық бақылау жүйесін нығайтуда МАГАТЭ-мен ынтымақтастықтың маңызды рөл атқаратынын ерекше атап өтті.

Әңгіме барысында Ақордада өткен АҚШ сенаторы Стив Дейнс, АҚШ Президентінің арнайы өкілі Серджио Гор және Ақ үйдің жоғары лауазымды өкілдерімен, сондай-ақ америкалық бизнес қауымдастығымен жүргізілген кездесулердің нәтижелері де оң бағаланды.

Сөз соңында Мемлекет басшысы Дональд Трампты өзіне қолайлы уақытта Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.

Войдите, чтобы оставить комментарий