Тоқаев Ұлттық банк басшысынан есеп алды

13.08.2026 18:45 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Тоқаев Ұлттық банк басшысынан есеп алды
50
Фото: Ақорда

Қазақстанда жылдық инфляция қатарынан он ай төмендеп, шілдеде 10,2%-ды құрады. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа берген есебінде мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.

Кездесу барысында бас банкир 2026 жылдың қаңтар-шілде айларындағы ақша-кредит саясатының қорытындысын баяндады. Сүлейменовтің сөзіне қарағанда, инфляцияның төмендеуіне теңге бағамының нығаюы мен тұтыну белсенділігінің тұрақталуы әсер еткен. Сонымен қатар Үкімет пен Ұлттық банктің инфляцияға қарсы бірлескен шаралары да оң ықпал етті.

Биыл 1 шілдедегі жағдай бойынша банктердің бизнеске берген несие портфелі жылдық мәнде 17,1%-ға ұлғайған. Бұл ретте шағын және орта бизнесті қаржыландыру қарқыны 29,6%-ға дейін жеделдеді. Ал тұтынушылық несиенің өсуі жыл басындағы 21%-дан 13%-ға дейін баяулаған. Бұл қабылданған пруденциялық шаралардың тиімділігін және тұтынушыларды несиелеу қарқыны қалыпқа келгенін көрсетеді. Осылайша, банктердің кредит ресурстары бизнесті қаржыландыруға көбірек бағыттала бастады.

Сонымен қатар президентке Ұлттық қор мен алтын-валюта резервтерінің жай-күйі туралы мәлімет берілді. Шілде айының басында бұл активтердің жиынтық көлемі $127,3 млрд болды. Бірінші жартыжылдықта Ұлттық қордың инвестициялық кірісі $2,3 млрд деңгейіне жетті. Ал Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының активтері жыл басынан бері 1,7 трлн теңгеге ұлғайды. Қазіргі таңда зейнетақы активтерінің жалпы сомасы 27,8 трлн теңгені құрап отыр.

Қаржы секторындағы жаңа жобалар да назардан тыс қалмады. Alatau City экожүйесін дамыту үшін капиталдың икемді қозғалысын қамтамасыз ететін жаңа шаралар әзірленді. Мақсат – қаланың дамуына қосымша инвестиция тарту. Сондай-ақ цифрлық қаржы инфрақұрылымын дамыту аясында жаңа бағыттар таныстырылды. Енді трансшекаралық төлемдер үшін стейблкоинді қолдану және токенделген мемлекеттік активтерді шығару жоспарланып отыр.

Елде төлем нарығының жаңа сегменті іске қосылды. Лицензияланатын бірінші санаттағы төлем ұйымдары бәсекелестікті арттырып, клиенттердің шығындарын азайтады. Бұл халық пен бизнес үшін инновациялық цифрлық сервистерді барынша қолжетімді ете түспек. Биыл 19 шілдеден бастап Ұлттық төлем жүйесі аясында маңызды тетік іске қосылды. Енді кез келген банктің клиенті өзара QR арқылы төлем жасап, телефон нөмірімен ақша аудара алады. Жүйе іске қосылғаннан бері жалпы сомасы 170 млрд теңге болатын 6,5 млн операция өңделген.

Ұлттық банк орта мерзімді перспективада инфляцияны 5%-ға дейін төмендету үшін барлық қажетті шараны қабылдап жатыр. Кездесу қорытындысы бойынша мемлекет басшысы инфляцияны одан әрі тұрақтандырудың маңыздылығын атап өтті. Президент Ұлттық банк қызметі бойынша бірқатар нақты міндет жүктеді.

Войдите, чтобы оставить комментарий