Тоқаев үндеу жасады

01.07.2026 08:26 Әсел МҰРАТ
Тоқаев үндеу жасады
416
Фото: Ақорда. Суретте: Қасым-Жомарт Тоқаев

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Жаңа Конституциясының күшіне енуіне орай үндеу жасады, деп хабарлайды Politico.kz.

«Бүгін тәуелсіз Қазақстан тарихының жаңа дәуірі басталады. Біз саяси-экономикалық реформалардың, ауқымды өзгерістердің және қарқынды дамудың даңғыл жолына түсеміз. Осы ерекше күн еліміздің бүкіл саяси жүйесін, сондай-ақ мемлекеттің және азаматтық қоғамның негізгі институттарын түбегейлі жаңғырту кезеңі басталғанын аңғартады», - деді Тоқаев.

Президенттің айтуынша, 15 наурызда өткен жалпыұлттық референдумда Қазақстан халқы ел тағдырына тікелей ықпал ететін және мемлекеттің ондаған жылдарға арналған даму бағдарын айқындайтын таңдауын жасады.  

«Миллиондаған отандасымыз берекелі бірлік танытып, шынайы отаншылдық пен жоғары жауапкершіліктің озық үлгісін көрсетті. Бұл тарихи шешімнің төл шежіремізде алтын әріппен жазылатыны анық. Бұдан былай Конституция күні «Наурызнама» онкүндігімен қатар аталып өтеді. Мұның символдық мәні зор. Конституция күні ел ішінде ғасырлар бойы орныққан көктемгі жаңару дәстүрлерін Ата заңның басты қағидаттарымен тоғыстырады, яғни азаматтарымыздың ырысты ынтымаққа, озық білімге, ел игілігі жолында адал еңбек етуге деген талпынысымен үндеседі», - деп атап өтті мемлекет басшысы.

Айта кетейік, бүгін жаңа Конституция күшіне енді.

Войдите, чтобы оставить комментарий