«Тоқты суырып тастаса, бітті»: «Нұрлан мен Мұрат» дуэтінің әншісі Нұрлан Әміровтің жағдайы жұртты алаңдатты
Кезінде «Жұлдызым» әнімен қазақ эстрадасында үлкен танымалдылыққа ие болған «Нұрлан мен Мұрат» дуэтінің әншісі Нұрлан Әміровтің бүгінгі хәлі әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды Politico.kz.
Желіде тараған бейнежазбадан өнер иесінің арнайы медициналық аппараттың көмегімен ғана қозғалып жүргенін көруге болады. Нұрлан Әміров бұл құрылғыны үнемі денесіне таңып жүретінін, онсыз жүріп-тұруы мүмкін емес екенін жеткізді. Ол өзіне күтім жасап, қиын сәтте демеу болып жүрген жарына ерекше алғысын білдіріп, кеуде тұсындағы ауыр отадан қалған тыртықты көрсетті.
Видео авторының «Жүрегіңізді сөмкеге салып алып жүресіз бе? Өміріңіз жеңгеміздің қолында екен ғой?» деген сөзіне әнші жағдайдың салмақтылығын айтып, әзілмен жауап қайтарған.
"Мына жердің бәрін кесті ғой. Тоқты суырып тастаса, бітті, жарты сағатта досвидания боламын", – деді Нұрлан Әміров күліп.
Әншінің бұл видеосы көпшілікті бейжай қалдырмады. Желі қолданушылары денсаулығы сыр берсе де, еңсесін түсірмей, өнерді тастамаған музыканттың рухына тәнті болып, оның тезірек сауығып кетуіне жарыса тілектестік білдіруде.
Соңғы жаңалықтар