Трамп Иранмен арадағы соғыс қашан аяқталатынын айтты

10.09.2026 11:33 Мөлдір ҚАЙНАР
Трамп Иранмен арадағы соғыс қашан аяқталатынын айтты
302
Фото: Kylie Cooper / Reuters

АҚШ президенті Дональд Трамп Иранмен арадағы қақтығыс қараша айында өтетін Конгресс сайлауынан соң аяқталатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.

Ақ үй басшысы бұл туралы Техасқа ұшар алдында журналистерге берген сұхбатында айтты. Оның сөзінше, Тегеран билігі сайлау науқанындағы саяси жағдайды пайдалануға тырысып жатыр, алайда дауыс беру өткен соң қақтығысты әрі қарай тежеп тұра алмайды.

"Меніңше, соғыс аралық сайлаудан кейін бірден тоқтайды. Сайлаудан кейін мұнай бағасы түседі. Олар төмендейді, біз оларды түсіреміз. Бензин құнын галлонына екі доллардан төмен түсіруге болады деп ойлаймын", – деді Трамп.

Сонымен қатар Трамп АҚШ пен Иран арасында ядролық келісімнің жасалу ықтималдығы 99,9 пайызды құрайтынын және бұл мәміле өзге де ауқымды салаларды қамтитынын жеткізді.

"Мен ядролық келісімнен де үлкен іс атқарып жатырмын. Одан әлдеқайда ауқымды. Бізде ядролық келісім болады. Бұл 99,9 пайыз, бірақ күн тәртібінде басқа да көптеген мәселе бар. Біз олардың тоғыз кемесінің тас-талқанын шығардық. Бұл шабуылдардың артында біз тұрмыз деп айта алам. Алда бұдан да көп дүниені көресіздер", – деп ескертті ол.

Айта кетейік, АҚШ Конгресіне аралық сайлау қараша айының басына жоспарланған.

Войдите, чтобы оставить комментарий