Түркістанда бес ай бұрын жоғалған 8 жасар бала әлі табылмай жатыр

27.08.2026 17:12 Әсел МҰРАТ
Түркістанда бес ай бұрын жоғалған 8 жасар бала әлі табылмай жатыр
287

Түркістан облысында бес ай бұрын Келес өзеніне суға кеткен баланы іздеу жұмыстары қайта жалғасты, деп хабарлайды Politico.kz.

Келес ауданында 2018 жылы туған Жаннұр Тұрсынбек ойын кезінде абайсызда өзенге құлап кеткен. Анасының айтуынша, оқиға 23 наурыз күні сағат 17:00 шамасында болған. Содан бері бала табылмаған.

Қазіргі таңда құтқарушылар іздеу жұмыстарын Құрылыс елдімекені маңындағы Келес өзенінде жүргізіп жатыр.

Іздеу жұмыстарына Түркістан облысы төтенше жағдайлар департаментінің күштері мен құралдары, облыстық жедел-құтқару жасағы, Шымкент қаласы және Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаменттерінің құтқарушылары, полиция қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, білім беру саласының мамандары, еріктілер мен баланың туыстары жұмылдырылды.

«Жалпы іздеу жұмыстарына 90-ға жуық адам мен арнайы техника тартылды. Құтқарушылар су айдынын тексеру кезінде құтқару катерлері, эхолоттар, дрондар және суасты дрондарын пайдаланып жатыр», — деп хабарлады облыстық ТЖД.

Бұған дейін сәуір айында Келес өзеніне ағып кеткен 8 жастағы баланы іздеу жұмыстары тоқтатылған еді.

Қолданыстағы тәртіпке сәйкес, егер іздестіру-құтқару жұмыстары бір ай ішінде нәтиже бермесе, судағы жазатайым оқиға қылмыстық іс ретінде қайта сараланып, әрі қарай процессуалдық шешім қабылдау үшін құқық қорғау органдарына беріледі.

Войдите, чтобы оставить комментарий