Үкімет басшысы экономиканың тұрақты өсімі туралы қуанышты хабар жеткізді

13.07.2026 14:50 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Үкімет басшысы экономиканың тұрақты өсімі туралы қуанышты хабар жеткізді
89
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-министр Олжас Бектеновтің жартыжылдық қорытындылары туралы есебін тыңдап, Үкіметке әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандар салуға арналған ауқымды бағдарламаны қолға алуды тапсырды, деп хабарлайды Politico.kz.

Президент кездесу барысында елімізді өркендету бағытындағы жүйелі қадамдарды жалғастыру қажеттігін атап өтті. Азаматтардың тұрмыс сапасын жақсарту мақсатында заманауи денсаулық сақтау нысандарын салу ісіне ерекше назар аударылмақ. Сондай-ақ Ата заңға сәйкестендіру, «Әділетті Қазақстан» мен «Заң және тәртіп» қағидаттарын нығайту, Алатау қаласын дамыту және «Таза Қазақстан» бастамасын ілгерілету жұмыстары жалғасады.

Үкімет басшысының мәліметінше, биылғы қаңтар-маусым айларында ішкі жалпы өнім 4,1 пайызға артқан. Экономика салалары арасында құрылыс секторы ең жоғары көрсеткішке қол жеткізіп, 15,2 пайыздық өсімді көрсетті. Өңдеу өнеркәсібі 9,8 пайызға, көлік саласы 7,1 пайызға, сауда 5,7 пайызға, ауыл шаруашылығы 4,4 пайызға және байланыс қызметі 4,3 пайызға ұлғайған. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 9,5 трлн теңгеге жетті, оның ішінде жеке инвестициялардың көлемі 21,4 пайызға өскен.

Ауыл шаруашылығы саласындағы өндіріс 15 трлн теңгені құрап, егістік аумағы 23,8 млн гектарға дейін кеңейді. Шаруаларды қолдауға бағытталған 1 трлн теңгелік қаржыландыру аясында бюджеттен бөлінген әрбір теңге қосымша 6,5 теңге жеке инвестиция тартуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар өңдеу секторында құны 1,7 трлн теңге болатын 200 жоба іске қосылып, 17 мың жаңа жұмыс орны құрылады. Тұрғын үй құрылысы да қарқынды жүргізіліп, жыл қорытындысы бойынша 20 млн шаршы метр баспана пайдалануға берілмек. Көлік инфрақұрылымын дамыту аясында Астана қаласындағы екінші әуежай құрылысы, Tarlan Astana жүйесінің келесі кезеңі және ірі автожол жобалары жоспарлануда.

Әлеуметтік саясат пен макроэкономикалық тұрақтылық мәселелері де талқыланды. Маусым айындағы жылдық инфляция деңгейі 10,3 пайызды құрады. Көші-қон және әлеуметтік қолдау тетіктерін оңтайландыру шаралары қолға алынып, нәтижесінде мемлекет бюджетінен жылына 800 млрд теңгеден астам қаржы үнемделетін болады.

Алдағы жылыту маусымына дайындыққа баса мән берілді. Өткен маусым нәтижесінде бес жылу электр орталығы тәуекелі жоғары «қызыл» аймақтан шығарылса, үшеуі «жасыл» аймаққа өткен. Биыл энергетикалық нысандарды жөндеуге 384 млрд теңге бөлініп, 9 энергия блогы, 55 қазандық және 51 турбина жаңартылуда. Жыл соңына дейін ұлттық жоба аясында 12 мың шақырым инженерлік желі қалпына келтіріледі.

Цифрландыру және туризм салаларындағы ірі жобалар да назардан тыс қалмады. Елімізде әлемдік ІТ көшбасшыларының қатысуымен қуаты 250 МВт болатын деректерді өңдеу орталығы құрылмақ. Бұл бағытқа тартылған шетелдік инвестиция $10 млрд-тан асты. Туризм секторында Алматы тау кластері, оның ішінде Almaty SuperSki жобасы белсенді дамып келеді. Ұзындығы 60 шақырымдық трасса салынғаннан кейін нысан тәулігіне 10 мың адамды қабылдай алады. Кешенді пайдалануға беру 2028 жылдың желтоқсанына жоспарланған. Сонымен қатар Қазақстан алдағы уақытта «Болашақ ойындары-2026» халықаралық жарысын өткізуге дайын екені мәлімделді.

Войдите, чтобы оставить комментарий