«Экономикаға қан жүгірді»: Тоқаев кейінгі жылдарды қорытындылады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның кейінгі жылдардағы басты жетістіктерін атады. Мемлекет басшысы Республика күніне арналған салтанатты жиында кейінгі 5 жылда өңдеу өнеркәсібінің экспорттағы үлесі 45%-дан асқанын айтты, деп хабарлайды Politico.kz.
«Сондай-ақ біз озық технологияға негізделген өндірісті дамытуға жол аштық. Соңғы бес жылдың ішінде өңдеу өнеркәсібіндегі экспорт көлемі 45 пайыздан асты. Осылайша, Қазақстан индустриясы дамудың жаңа сапалық деңгейіне көтеріліп жатыр», деді Тоқаев.
Президент теміржол саласы мен автокөлік өндірісіндегі жетістіктерге де тоқталды.
«Кейінгі жылдары теміржол саласын дамытуда соны серпіліс жасадық. Рельстер мен шпалдардан бастап вагондар мен электровоздарға дейінгі қажеттінің бәрін өзіміз өндіре бастадық. Автокөлік шығару ісі де қарқын алды. Жыл сайын конвейерден 150 мыңнан аса жеңіл және жүк көлігі шығады. Экономикадағы барлық стратегиялық салаға қан жүгірді деп айтуға болады», деді Мемлекет басшысы.
Тоқаев шетелдік инвестиция мен халықаралық келісімдер туралы айтты.
«Еліміздің өркендеуіне ауқымды шетелдік инвестиция септігін тигізіп отыр. Соңғы жеті жылдың ішінде тартылған қаражат көлемі 155 миллиард долларға жетті. Түрлі елдерге барып, жоғары деңгейдегі халықаралық іс-шараларға қатысу Қазақстанның саяси беделін нығайтып қана қоймай, зор пайдасын да тигізуде. Жыл басынан бері жалпы сомасы 60 миллиард доллар болатын 355 коммерциялық келісімге қол қойылды. Осының өзі көп нәрсені аңғартады», деді Президент.
Мемлекет басшысы көлік және логистика саласындағы өзгерістерге тоқталды.
«Еліміз Еуразияның жетекші көлік-логистика хабы ретінде позициясын нығайта түсті. Әуежайлар, вокзалдар, көпірлер, теңіз айлақтары салынып, жөндеуден өтті. Шекара маңындағы инфрақұрылым жаңғыртылуда. Бұл маңызды жұмыс ары қарай жалғасады», деді Тоқаев.
Президент кейінгі жеті жылда атқарылған жұмыстар мен Қазақстанның халықаралық беделі туралы да айтты.
«Жеті жыл ішінде он мыңдаған шақырым автокөлік жолы мен теміржолдар салынып, жөнделді. Еуропа мен Азияның арасын жалғап тұрған көлік, энергетика және цифрлық тораптар Қазақстан арқылы өтіп жатыр. Қазақстан орта держава ретінде әлемдік тәртіптің нығаюына елеулі қосып келе жатқан, дамыған, тұрақты әрі зайырлы мемлекет болып танылды. Сындарлы және жауапты сыртқы саясаттың арқасында еліміздің әлемдік абырой-беделі артуда. Қазақстан төлқұжатының мәртебесі жоғары. Еліміздің азаматтары мен бизнес өкілдері үшін барлық елдің есігі ашық», деді Мемлекет басшысы.
Президент елдегі цифрландыру мен жасанды интеллект саласының дамуына да тоқталды.
«Сонымен қатар Қазақстан дүние жүзінде болып жатқан түбегейлі цифрлық өзгерістерге белсене қатысуда. Елордамызда Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығы мен заманауи Astana Hub технопаркі жұмыс істейді. ІТ қызметтердің экспорты 1 миллиард доллардан асты. Екі суперкомпьютер іске қосылды. Оның игілігін отандық компаниялар мен ғалымдар көріп жатыр. Жақында аса қуатты тағы бір суперкомпьютер пайдалануға беріледі», деді Мемлекет басшысы.
Тоқаев алдағы цифрлық жобалар туралы да айтты.
«Жаңадан салынып жатқан дата орталықтар кластері, Деректерді өңдеу орталығының алқабы цифрлық экономиканың берік негізін қалайды. Біз Digital Qazaqstan жалпыұлттық стратегиясын жүзеге асыруды қолға алдық, жасанды интеллект технологиясы қоғамның барлық саласына енгізіледі. Мұның бәрі цифрлық, басқаша айтқанда, халқымыздың игілігіне қызмет ететін өркендеген мемлекет құруға бағытталған қадам», деді Тоқаев.
Бұған дейін Президент осы жиында Қазақстандағы мемлекеттік билік жүйесі толық жаңғырғанын мәлімдеген болатын.
Соңғы жаңалықтар